Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің алқа отырысы өтті. Жиында 2025 жылдың қорытындылары қаралып, 2026 жылға арналған басым бағыттар белгіленді. Оған Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппаратының өкілдері, орталық және жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор, аумақтық бөлімшелер және Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық порталы.
Роман Скляр алқа отырысы ел үшін маңызды кезең – жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум қарсаңында ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылған редакцияда қоғамның негізгі сұраныстарының бірі – азаматтардың өмірі мен денсаулығына қолайлы орта қалыптастыру және табиғатқа жауапкершілікпен қарау қағидаты көрініс тапқан.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және молайту бағытындағы жетістіктерге тоқталды. Сондай-ақ, вице-министрлер жетекшілік ететін салалар бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Қазір министрлік қоршаған ортаның жай-күйін бақылау, қалдықтарды басқару және мониторинг жүргізу, орман өрттерін ерте анықтау, орман ресурстарын есепке алу және ұлттық парктерге баруды қадағалау бағытында цифрлық жобаларды іске асыруда. Маңызды міндеттердің бірі – жеке инвестицияларды тарта отырып, қалдықтарды басқару жүйесін дамыту.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында биыл Қазақстанда Өңірлік экологиялық саммит өтетінін мәлімдеген болатын. Бұл шара мемлекеттер мен үкімет басшылары, халықаралық серіктестер және сарапшылар қатысатын маңызды алаң болмақ. Саммит Орталық Азия елдерінің өңіраралық ынтымақтастықтағы әлеуетін және жаһандық климаттық бастамаларға қосқан үлесін танытуы тиіс.
Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы жалпыұлттық қозғалысқа айналып, аумақтарды тазалаудан бастап, экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған ауқымды ағарту жобаларын қамтып отыр.
Елде 2 млрд ағаш отырғызу және орман алқаптарын 14,5 млн гектарға дейін ұлғайту жұмыстары жалғасуда. Дегенмен, жердің тозуы мен шөлейттену мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Оны шешу үшін жел эрозиясын азайту, құмдарды бекіту және жайылымдарды қалпына келтіру мақсатында қорғаныс орман белдеулері мен тосқауыл екпелер жүйесін құру көзделген.
2025 жылы Премьер-министр 24 ең қауіпті орман және табиғатты қорғау мекемесінде орман өрттерін ерте анықтау жүйесін енгізу міндетін қойған. Өткен жылы бұл жүйе 2,2 млн гектар аумақты қамтыды. Оған жасанды интеллект енгізіліп, деректер жедел басқару орталығына автоматты түрде жолданады. Жыл соңына дейін өрт қаупі жоғары 5,4 млн гектар орман алқабы жүйемен қамтылмақ.
Сонымен қатар, 2026 жылға арналған міндеттерді орындау шаралары талқыланып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, биоалуантүрлілікті сақтау, жауапты әрі жасампаз патриотизмді дамыту және жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру бағытында нақты тапсырмалар берілді.

