Жаңалықтар
Сотты болған депутат көлік министрлігін сынға алды

Фото: видеодан скрин
Қазақстанда халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын көлік құралдары үшін маршрут парағын толтыру талабы әлі күнге дейін сақталған. Бұл мәселені Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы Гиперборей арнасында көтеріп, оны кеңестік кезеңнен қалған ескі әрі тиімсіз талап деп атады, деп жазды qandastar.kz.
Ескі талап – жаңа кедергілер
Депутаттың айтуынша, маршрут парағы тасымалдаушылар үшін шынайы кедергіге айналып отыр. Ол мысал ретінде отандық жүк тасымалдаушылардың жағдайын келтірді.
«Мысалы, отандық тасымалдаушы Алматыдан Берлинге жүк апарса, жолға шығарда маршрут парағын толтырады. Ал кері қайтар жолда оны шетелде отырып рәсімдеуі керек», – деді ол.
Алайда, Қазақстан аумағы арқылы өтетін шетелдік тасымалдаушылар (Түркия, Ресей, Өзбекстан, Беларусь) бұл талапқа бағынбайды. Бұл жағдай отандық компанияларды бәсекелестік тұрғыдан әлсіретіп, теңсіздік туғызып отыр.
Жағдайды күрделендірген бюрократия мен тапшылық
Маршрут парағын рәсімдеу кезінде жүргізуші бағыты, шығу күні, жүк сипаттамасы, медициналық тексеру және диспетчердің қолы сияқты көптеген деректер көрсетілуі тиіс. Құжаттың болмауы немесе қате толтырылуы тасымалдаушыға айыппұл салуға негіз болады.
Сонымен қатар, маршрут парақтарының шектеулі болуы құжаттың нарықтағы бағасын күрт көтеріп жіберген.
«Нәтижесінде құны 1 АЕК болатын маршрут парағы тапшылыққа байланысты жүздеген есе қымбаттап кетті», – деді депутат.
Жемқорлық тәуекелі және шешілмеген ұсыныстар
Депутаттың пікірінше, бұл талаптар тек әділетсіздік емес, жемқорлық тәуекелдеріне де жол ашып отыр. 2023 жылы бұл норманы жою ұсынылғанмен, мемлекеттік органдардың қарсы болуына байланысты шешім қабылданбаған.
Нажметдинұлы бұл бастаманы биыл күзде қайта көтермек.
Цифрлық шешім — тиімді жол
Мәжіліс депутаты халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, цифрлық маршрут парақтарын енгізуді немесе құжат рәсімдеу үдерісін жеңілдетуді ұсынады. Бұл реформа:
-артық талаптарды жояды;
-құжат айналымын жеңілдетеді;
-саладағы ашықтықты арттырады.
Бұрынғы сот үкімі
Айта кету керек, 2001 жылы депутат Сарыағаш аудандық сотының үкімімен үш жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол билікті және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, ресми құжаттар мен мөрлерді ұрлағаны, жойғаны немесе жасырып қойғаны үшін істі болды.