Жаңалықтар
Таксистер шығынға батуы мүмкін – депутат Сәрсенғалиев мәжілісте дабыл қақты
Фото: Мәжіліс
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев такси жүргізушілерінің мәселесін көтерді, деп хабарлайды qandastar.kz Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға такси және автобус жүргізушілерінің мәселесін көтеріп, үкіметтің жаңа бастамасын сынға алды.
“Үкімет такси мен автобус жүргізушілерін тәртіпке келтіру мақсатында жаңа заң жобасын ұсынды. Бұл құжатта жолаушылар тасымалы саласындағы мемлекеттік құзыреттің бір бөлігін өзін-өзі реттеу ұйымдарына (СРО) беру көзделген”, – деді депутат.
“Тариф белгілеу мен баға реттеуді жекеменшік ұйымға беру – үлкен қателік”
Сәрсенғалиевтің айтуынша, заң жобасы өзін-өзі реттеу ұйымдарына (СРО) жолаушылар тасымалындағы тарифтерді белгілеу және бағаны реттеу құзыретін бермек. Депутат мұны “үлкен қателік” деп санайды.
“Құрылуы мүмкін өзін-өзі реттеу ұйымдарының азаматтарды аямайтыны белгілі. Бұл тұтас саланы жекеменшік ұйымдардың қолына өткізіп, қолдан монополия жасауға бағытталған қисынсыз әрекет. Бұған әлемдік мысалдар бар. Мәселен, АҚШ-тың Калифорния штатында такси қызметі өзін-өзі реттеу ұйымдарына берілгеннен кейін, олар тек өздеріне жақын такси компанияларын тіркеп, қалғандарына жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Сонымен қатар, қауіпсіздік талаптары жеңілдетілгендіктен, такси жүргізушілері демалыссыз жұмыс істеуге мәжбүр болды. Салдарынан такси қатысқан жол апаттарының саны 15%-ға артты. Бұл – өзін-өзі реттеу жүйесін енгізудің нақты салдары”, – деді депутат.
“Жол қауіпсіздігін жекеменшік ұйымдарға тапсыру – адамдардың өміріне салғырт қарау”
Сәрсенғалиев бұл жүйені енгізуге сарапшылар да, Мәжіліс депутаттары да қарсы болғанын атап өтті. Дегенмен, мемлекеттік органдар жолдағы қауіпсіздікті өздері қамтамасыз ете алмай отырып, жауапкершілікті жекеменшік ұйымдарға ысыра салуға тырысуда.
“Бразилияда жолаушылар тасымалы өзін-өзі реттеу ұйымдарына берілгеннен кейін, олар лицензиялау талаптарын жеңілдетті. Соның салдарынан автобустар қатысқан жол апаттарының саны 15%-ға өсіп, зардап шеккендер саны артты. Бұл бізге сабақ болуы керек.”
“Қазақстанда жол апаттары жыл сайын жүздеген адамның өмірін жалмайды. Осындай жағдайда, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігін өзін-өзі реттеу ұйымдарына тапсыру – ақылға қонымсыз шешім.”
“Таксистерді қосымша жарна төлеуге мәжбүрлеу – халыққа ауыр тиеді”
Сәрсенғалиевтің айтуынша, үкімет жаңа заң жобасы арқылы әрбір такси жүргізушісін өзін-өзі реттеу ұйымына мүшелікке кіргізіп, жарна төлеуге міндеттемек.
“Депутаттар бұл норманы сынға алғанда, министрлік “такси қызметімен айналысатын мобильді қосымшаларға тіркелген жеке кәсіпкерлер ғана жарна төлейді” деп сендірді. Бірақ міндетті төлемдер енгізілсе, бұл жолаушы тасымалы қызметінің қымбаттауына әкеледі, оның салдарынан қарапайым халық зардап шегеді.”
“Такси және автобус тасымалы саласына өзін-өзі реттеу ұйымын енгізу – тұтас саланы белгілі бір топтың қолына өткізіп, монополия жасауға апаратын тікелей жол. Сондықтан біз, “Аманат” фракциясының бір топ депутаты, бұл қисынсыз шешімді тоқтату үшін заңға нақты өзгерістер енгіздік. Барлық әріптестерімізді және Үкімет өкілдерін осы түзетулерді қолдауға шақырамын.”
Депутат сонымен қатар министрліктің көлікті 5 минуттан артық оталдырып қоюға тыйым салу туралы шешімін қайта қарауды талап етті.