Жаңалықтар

Талғардағы Шерзат Болаттың өлімі: Күдіктілердің туыстары Шерзаттың әкесін жауапқа тартуды сұрады

Фото: stan.kz

Талғардағы 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты күдікті деп танылғандардың туыстары Шерзаттың әкесін жауапқа тартуды сұрайды. Бұл туралы qandastar.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Әлеуметтік желіде Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша күдіктілердің туысы екендерін айтқан бір топ адамның видеоүндеуі жарияланды.

“Елімізден, халықымыздан кешірім сұраймыз. Балаларымыздың әрекеті үшін. Бірақ әділ болсын. Нұрқанат та (Шерзаттың ағасы), Қаржаубай да (Шерзаттың әкесі) жауапқа тартылсын. Біз соны тілейміз. Екі жақты бірдей қараңыздар”, – дейді күдіктілердің туыстары.

Олардың айтуынша, қаруды алғашқы болып Шерзаттың ағасы Нұрқанат алып шыққан екен. Сондай-ақ олар Шерзаттың сол жердегі жігіттердің бірінің жағын сындырғанын айтады.

“Қаруды бірінші Нұрқанат көлігінен алып шыққан. Балаларға қарай оқ атқан. Балалар тыныш тұрған жерінен Шерзат марқұм бір баланың жағын сындырды. Ойламаған жерден ұрып жіберген. Өздері мылтық пен пышақ алып шыққан. Содан жігіттер көтеріліп кеткен. Кешірім сұраймыз балаларымыз үшін. Біздікі дұрыс емес. Бірақ балаларды арандатпаса барлығы тыныш шешіліп, барлығы үйіне кететін еді. Олар Шерзатты өлтіреміз деп барған жоқ”, – дейді видеоүндеу жолдаған әйел.

Күдіктілердің туыстары барлығына Дархан есімді жігіттің кінәлі екенін айтады. Оқиға орнына жігіттерді Дархан деген жігіт жинаған көрінеді.

“Кафеде өз бетімен отырған балалар. Барлығы бір қоңыраудан басталған. Барлығын Дархан деген бала бастаған, ол жерде Дарханды танымайтын балалар да бар. Ол қазір үндемей отыр. Ол Қаржаубай мен Нұрқанаттың танысы. біз де соңына дейін барамыз. Дархан да жауапқа тартылсын. Өйткені бәрін шақырған Дархан”, – дейді олар.

Видеоүндеу жасағандар Шерзаттың әкесін халықты дүрліктіріп, жалған ақпарат таратты деп айыптайды.

“Қаржаубай басынан бастап өтірік айтты. Қаржаубай пышақ алып келді ме, жігітше мойындасын. Біз баланың қырқына дейін үндемей отырдық. Қаржаубайды да қамасын. Қаржаубайдың әйелі ме, қарындасы ма Нұрқанат атқан оқтарды жерден теріп алған. Ол да жауапкершілікке тартылсын. Ашық сот болса бәріне бірдей болсын. Біз соны талап етіміз”, – дейді күдіктілердің туыстары.

Еске салсақ, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Болат көз жұмған еді. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Жасөсіпірімнің өлімінен кейін Шерзат Болаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. Ішкі істер министрлігі Шерзаттың өліміне қатысты 10 адам күдікті деп танылып, бес қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ министрлік жасөспірімді өлтірді деп айыпталған күдіктілер арасында бұрын сотталғандар бар екенін де растады.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close