Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының әкімі ретінде Тараз қаласында жасөспірім қызды қауіптен құтқарып қалған Нүркен Омаровқа құрмет көрсетті. Бұл туралы өңір әкімдігіне сілтеме жасаған qandastar.kz сайты хабарлайды.
Ресми ақпаратқа сәйкес, 2026 жылғы 17 ақпанда Тараздағы аялдамалардың бірінде екі ер адам 13 жастағы қызды көлікке күштеп отырғызуға әрекеттенген. Оқиғаға куә болған Нүркен Омаров дереу араласып, олардың әрекетіне тосқауыл қойған. Соның арқасында ықтимал қылмыстың алдын алу мүмкін болды.
«Оның жедел әрі табанды әрекетінің арқасында қыз бала қауіптен аман қалды», — делінген хабарламада.
Аймақ басшысы батылдық танытқан азаматқа жамбылдықтардың атынан алғыс білдіріп, арнайы Алғысхат пен ақшалай сертификат тапсырды. Сондай-ақ оның ел қауіпсіздігіне бейжай қарамай, азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсеткенін атап өтіп, ата-анасына ризашылығын жеткізуді өтінді.
«Сіздің жедел әрекетіңіз бен табандылығыңыздың арқасында жасөспірімнің қауіпсіздігі сақталды. Сын сәтте жауапкершілікті өз мойныңызға алып, батыл шешім қабылдауыңыз бойыңыздағы биік адамгершілік пен парасаттылықты көрсетті. Бұл іс-әрекетіңіз өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, азаматтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізеді.
Сонымен бірге «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстанудың маңызын айқындап, әрбір азаматтың құқықтық жауапкершілікті терең сезінуі қажеттігін дәлелдеді. Сізге мықты денсаулық, шаңырағыңызға шаттық пен береке тілеймін», — деді Ербол Қарашөкеев.
Бұдан бөлек, облыс әкімі тиісті органдарға Нүркен Омаровтың әлеуметтік жағдайын зерделеп, тұрақты жұмыспен қамту мәселесін қарастыруды тапсырды.
Өз кезегінде Нүркен Омаров қыздың қорқып тұрғанын байқап, ойланбастан көмекке ұмтылғанын айтты. Ол мұны азаматтық әрі әкелік парызым деп бағалады.
Еске салсақ, бұған дейін ерлік көрсеткен азаматты Жамбыл облысы полиция департаменті де арнайы марапаттаған болатын.



