Жаңалықтар

Тәуелсіз Orda.kz сайтын кім құрықтамақ? Бас редактор Гүлнәр Бажкенованы шетқақпайлау кімге тиімді?

Фото:Orda.kz

Orda.kz редакциясы мен бас редактор Гүлнәр Бажкенова жарты жылдан бері қудалауға, қоқан-лоқы мен үнемі болатын қысымға ұшырап келеді. Біздің қызметкерлеріміз тұратын жерге бейтаныс адамдар келіп, өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, көршілерден сұрақ-жауап алып, жасанды суреттерді көрсетіп, журналистің іздеуде жүргенін айтып кеткен жағдайлар да тіркеліп жатыр, деп жазды Orda.kz     qandastar.kz-ке сілтеме жасап.

Редакция қызметкерлерінің жеке телефон нөмірлері OLX бағдарламасы жарнамаларында өріп жүр. Мысалы, тұрмыстық техника, сатылатын күшіктер мен мысықтар, сондай-ақ шетелдегі жыныстық қызмет туралы жалған хабарландыруларда қызметкерлеріміздің нөмірлері көрсетілген. Бұл нөмірлер автосалондар, медициналық орталықтар, дағдарыс орталықтары мен басқа да коммерциялық ұйымдардың байланыс нөмірі ретінде де көрсетіліп жатыр. Соның салдарынан қызметкерлер тәулік бойы қоңырау мен хабарламалардың астында қалды. Бұл мәселе әріптестеріміздің жұмысына кедергі келтіріп, жеке өмірінің шырқын бұзды.

 

 

Журналистердің аты-жөні мен фотосуреттерін пайдаланып, әлеуметтік желіде жалған парақшалар да ашылды. Олардың атынан жалған ақпарат жарияланды. Тіпті, бас редактор Гүлнәр Бажкенованың қайтыс болғаны жөнінде жалған мәлімдеме жарияланды.

 

Жасырын чаттарда журналистердің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін қоқан-лоқы айтылып жатыр.

Сонымен қатар «Орда» редакциясының әлеуметтік желі парақшаларына спам-шабуылдар жасалды. Еш негізсіз шағымдардың кесірінен TikTok пен Facebook парақшалары бұғатталды. Instagram парақшасы екі рет бұғатталып, тек Meta компаниясы араласып, ақпараттарды саралаған соң қайта ашылды. Осы аптада бас редакторымыздың жеке парақшасы бұзылып, хакерлер шабуыл жасады.

Осы оқиғалардың бәрін редакция бұған дейін де жариялаған еді. Енді құқық қорғау органдарына ресми өтініш дайындап жатыр. Алайда бұл істе әділ тергеу жүргізіле қояды деген үміт аз.

 

Бізге қарсы ұйымдастырылып жатқан бұл шабуылдардың артында қолында билігі бар, әкімшіліктегі ресурстарға қолы жететін, қаржысы мен ықпалы бар адамдар тұрғаны анық. «Орда» редакциясы ешбір бұғауға көнбеген соң, журналистерімізді қуғындап, қорқыта бастады. Жоғарыда айтқан шабуылдардың бәрі содан басталды.

 

 

 

Тәуелсіз ақпарат құралына үстемдік жүргізу үшін барынша әрекет еткен кейбір күштер ақыры бас редактордан «Орданы» өзге «тәуелсіз» медиалар шоғырланған бірыңғай орталыққа өткізуді талап еткен. Бұл талаптан бас тартылғаннан кейін, басылымды рейдерлік жолмен тартып алу, яғни заңды тұлғаны күшпен иемдену арқылы редакцияны басып алу жоспары іске қосылды.

Мұндағы мақсат – «OrdaMedia.kz» ЖШС-нің негізін қалаушысы, бас редакторы және бас директоры Гүлнәр Бажкенованы шетқақпайлап, ықпалды ақпарат құралын ашса алақандарында, жұмса жұдырықтарында ұстау.

Бұл қастықты кім ұйымдастырып отыр? Қазақстандағы медиакеңістікті кім бақылауға алғысы келеді? Тәуелсіз БАҚ-тар кімнің жолына кесе көлденең тұрды? Қазақстанда Канделаки мен Симоньян сияқты болғысы келетіндер кімдер?

Қадірлі оқырман, осы сұрақтардың жауабын біз алдағы баспасөз мәслихатында ашық айтып беруді жөн көрдік.

Редакция баспасөз мәслихаты өтетін күн мен уақытын алдын-ала қосымша хабарлайды.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close