Жаңалықтар

Телеарналарға қазақ тілді контент аз болғаны үшін айыппұл салынбақ

Фото: Рexels.com

Мәдениет министрлігі қазақ тілінде тиісті көлемде хабар таратпаған телеарналар мен радиостанцияларға әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсынды, деп жазды qandastar.kz

 Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген нормаға сәйкес, апталық эфир уақытының кемінде 55%-ы қазақ тіліндегі контентке арналуға тиіс. Бұл талап ресми түрде болғанымен оны бұзғандарға ешқандай айыппұл салынған жоқ.

Қазір әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне өзгерістер енгізу туралы жаңа жобаны қазақстандықтар 10 шілдеге дейін талқылап жатыр. Бұл құжатта тілдік квотадан бөлек, жарнама лимитін асырып жіберген теле-радио хабар таратушыларға да жаза қолдану ұсынылған. Қолданыстағы заң бойынша, жарнама эфир уақытының тәулігіне 20%-ынан аспауы керек.

Сонымен қатар министрлік әлеуметтік желілер мен видеоплатформалар секілді онлайн алаңдарда құқыққа қайшы контент таратқандарға айыппұл салу жүйесін енгізуді ұсынды. Ведомство заңнаманы жаңартпаса, цифрлық кеңістікті бақылау барған сайын қиындап баратынын атап өтті.

«2024 жылы қазақстандық онлайн платформаларда 78,5 мыңнан астам құқыққа қайшы контент анықталған, оның 24,3%-ы ғана өшірілді», — делінген құжатта.

Жоба шетел тәжірибесіне де сүйенеді. Мысалы, ЕО елдерінде, Ұлыбритания мен Оңтүстік Кореяда тілдік және жарнамалық талаптарды бұзғаны үшін миллиондаған еуро айыппұл салынып, платформаларды бұғаттауға дейінгі шаралар қарастырылған. Қазақстан билігі осындай тетік медиа мекемелердің жауапкершілігін арттырып, мемлекеттік тілді дамытуға ықпал етеді деп сенеді.

Бұған дейін Қазақстанда 2030 жылға дейінгі Тіл саясаты тұжырымдамасы бекітілген. Онда 2029 жылға қарай мемлекеттік телеарналардағы қазақтілді бағдарламалардың үлесін 85%-ға дейін жеткізу, ал халықтың қазақ тілін меңгеру деңгейін 84% арттыру көзделген.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close