Жаңалықтар
«Томирис патшайымды» мектепке шақырған директор жұмыстан қуылды
Фото: скриншот
Жамбыл облысы Тереңөзек ауылында өзін Томирис деп атайтын Гүлсара Көпбаеваны мектепке шақырып, іс-шара өткізген директор мен оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары жұмыстан қуылды, деп хабарлайды qandastar.kz Azattyq Rýhy сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектепте өтетін іс-шаралардың бәріне бірінші кезекте директор жауапты екенін айта келе, оның тәрбие жөніндегі орынбасарына қатысты қабылданған шараның қайта зерттелетінін айтты.
«Бүгінде мектеп басшысы жазаланып отыр. Ал, енді өткен шаралардың тәрбие жұмыстарына байланысты болғанына орай тәрбие жөніндегі орынбасарына қабылданған шешімнің дұрыстығын анықтау үшін тапсырма бердім. Біз кез-келген мықты, тәжірибелі мамандарды бағалауымыз керек. Егер расында бұл жағдайға тікелей қатысы бар болса, заң алдында жауапкершілікті мойнына алуы керек. Бірақ біз мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасарына қатысты мәселені зерделеп көреміз», – деді министр.
Еске салайық, жуырда Жамбыл облысында мектепке барған «Томирис патшайымға» қатысты ақпаратқа ел назарын аударған едік. Алдымен бұл адамның етегін оқушылар көтеріп жүргенін, кейін, мектеп мұғалімдері емшіні шақыру үшін 4000 мың теңгеден ақша жинағанын жаздық. Мәселе министрге дейін жетіп, тексеру жүрген болатын.