Жаңалықтар
Уақыт пен кеңістіктің құпиясы

Қазақ өлеңінің бастауы қара өлең болғанмен, жыраулар жырымен есейіп, өзге ұлт әдебиетімен қанаттанған Абай және Абайдан кейінгі озық ойлы ақындар легінің поэзиямызды ғарышқа көтергенін мақтаныш етеміз. Қазақ әдебиетінің додалы дүбірінде бір-бірімен үзеңгілесе, аузынан ақ көбік бұрқап, ентелей шапқан дүлдүлдер тобы көп болды. Алды тізгін ұстатса, арты қарадан қалысқан жоқ. Осылайша оңымыздан айымыз жарқырап, солымыздан жұлдызымыз туды. Бүгінгі жастар жырына үңілсек, оның өсу барысын көп тұстарынан байқауға болады. Шығармаларындағы уақыт пен кеңістік ауқымы да кеңейіп келеді.
Көркемдік кеңістік – шығарманың маңызды компоненттерінің бірі. Оның мәтіндегі рөлі оқиғаның орын алатын орнын анықтаумен шектелмейді, олар байланыстырады оқиға желілері, кейіпкерлер қозғалады. Көркемдік кеңістік уақыт сияқты, кейіпкерлерді моральдық тұрғыдан бағалау үшін ерекше тіл. Кейіпкерлердің мінез-құлқы олар орналасқан кеңістікке байланысты. Кеңістік жабық (шектеулі) болуы мүмкін — ашық; нақты (танылатын, шындыққа ұқсас) – шындыққа жанаспайтын; өзінің (кейіпкер осында туып-өскен, өзін жайлы сезінеді, кеңістікке адекватты) — бейтаныс (кейіпкер — бөгде елге лақтырылған, өзін таба алмайтын бақылаушы); бос (нысандардың минимумы) – толтырылған. Яғни қазақ поэзиясының қай өлеңін алсақ та уақыт пен кеңістік менмұдалап тұратыны сөзсіз. Тек теориялық тұрғыдан поэзияның негізгі компоненттеріне назар аудару керек.
Зерттеу материалдары мен әдістері
Ю.М. Лотман «Кеңістіктік бейнелеу тілі», Нейолов Е. М Ғылыми фантастиканың сиқырлы тамыры, Жанұзақова Қ. Т. Көркем шығармадағы уақыт пен кеңістік композициясын талдау мәселесі, Сұңғатов. Ә. Б. Көркем шығармадағы уақыт пен кеңістікті бейнелеу, Сабитов К. Н. Хронотоптың кескіндемелік мәні материалдары арқылы зерттеу жұмыстары жұргізілді. Жұмыстың зерттелу барысында бірін-бірі толықтырып отыратын теориялық, педагогикалық ғылыми әдебиеттерге талдау, жаңа педагогикалық тәжірибелерді жинақтау және зерттеу, жоғарғы сынып оқушыларының оқу-тәрбие үдерісіне талдау жасау, бақылау, білім алушылардың іс-әрекет нәтижелерін талдауда логикалық (салыстыру, талдап қорыту, топтау) әдістерін математикалық статистика сияқты әдістер пайдаланылады.
Зерттеу нәтижелері
Мәселен, қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынованың «Қыз махаббаты» деген өлең жолдарынан хронотоп мәселесіне тереңінен үңіле аламыз.
«Білмеймін:
жанарыңнан сыр ұқтым ба,
әлде өзімді сол сәтте ұмыттым ба –
өзің болдың, әйтеуір, бұл күнгі әнім,
көтеріп ап кетіп ең – бұлқынбадым»,– бұл өлең жолдарындағы ақын қыздың сүйіктісінің «жанары» кеңістік ретінде қарастырылып тұр. Және бұл жәй ғана іші бос, қуыс кеңістік емес, шексіз әлемге жетелейтін ұлы бір алапат күштің мекені ретінде сипатталады. Яғни бұл нақты географиялық орта емес, фантастикалық сипатта өрілген перцептуалдық кеңістік ұғыныма саяды. Ал «сол сәт» пен «бұл күнгі ән» тіркестері бүгінгі күні өткен күнмен, сол сәтпен өмір сүретін кішкентай ғана қыз жүрегін реалды уақыт арқылы әсем суреттейді.
Енді Жазира Ахметова есімді ақынның мына бір жыр дестесіне тоқталып өтейін.
«Ай сәулесі әлсін-әлсін әлсіреп,
Шолпан жұлдыз арылмады боз өңнен.
Қараша үйде жалғыз қалып, қанша рет,
Желге өптірдім ерінімді кезерген?»
Бұл енді бір қарағанда ақын өлеңінің сылаң ойының сипаты, қыз кезіндегі орын алған өкініштері секілді көрінуі әбден мүмкін. Алайда осы өлеңнің өн бойында өріліп жатқан сезім иірімдері, елп еткен әсер, желп еткен желігі ащылау сипаталады.Қарап тұрсаңыздар, оқырман қауымды елең еткізетін, «Боз өң», «Желге өптірдім» деген сынды сөздер бірден көзге түседі.Сонымен, «Боз өң» — ақшыл, қылаң түс. Кезінде мұндай өң- киелі түс ретінде есептелген деседі. «Боз өң» тіркесі — Кемпірбай ақын, Шал ақынның өлеңінде жиі көрініс тапқан екен. Демек, бұл ақынның жаны ескілікті көксейтіні және ескірген сөздерді дүйім жұртқа жаңғырту мақсатында қолданғаны белгілі. Ендігі сөз «желге өптірдім» — қажетсіз, яғни өзім ұната бермейтін әлдекімге тиер-тимес сүйгіздім деген мағынада. Бұл қазіргі заман ақындарының жиі қолданатын тіркесі.Демек, ақынның бұл сөздерді таңдап алуының өзінде де үлкен білімділік байқалады. Көркемдікпен кестеленгендей ойы тұнық, сезімі терең, бояуы қалың өлеңі жан дүниемізді нұрландырғанын іштей сеземіз. Ал өлеңдегі «қараша үй» тіркесі суық, ұнамсыз, жағымсыз мекенді, кеңістікті бейнелесе, «желге өптірдім» тіркесі адам ретінде ғана емес, болмашыға алтын уақытымды тәрк еттім деген мағынада да сипаталады. Жалпы алғанда мынау өлеңі- шетсіз-шексіз кеңістіктің бір ноқатына да тұрмайтын ақын қыздың жан айқайының көрінісі. Қыз біткеннің ұялаған уайымы, қорқынышы. Содан соң төңірегіне тырнақтай мін тақпай, бақ пен сорын өзімнен көремін дейтін қайсар жанның қуатты да шуақты сезімі.
«Мені ұмыттың соншама зарықтырып,
Елемедің өзгемен сауық құрып.
Неге-неге суыттың сезімімді,
Өрттей ыстық деміме жанып тұрып». Ал мынау жолдар – қазіргі таңда қазақ эстрадасында танымал «соңғы вальс» атты әнінен үзінді.Бұл өлеңнің көркемдік қуатын талдамаса да түсінікті шығар. Қалай көремін десеңіз – солай көріңіз. Қалай түсінем десеңіз – солай түсініңіз! Ойдың өрісі кең. Нағыз ақын туғанда азабымен туады. Тағдырдың тастақты, құмды, шөлді, лайлы, лайсаңды… барып тұрған ең бір бұралаң жолын түгел өтеді. Әлі де өтіп жүр! Әйел жаны недеген сірі десеңші?! Яғни, айтылар ой, салынар сурет белгілі бір заңдылықтарға бағынып, әрбір тармақ, әрбір шумақ адам ағзасындағы «бөлшектердің» рөлін атқарып тұрғандай әсер қалдырады.
Бұл өлең жолдарында ауыл, мейірім, бақыт исі аңқиды. Өлеңнің тазалығы да осында. Расында ақынның жан дүниесі таза болғанда ғана осындай пәк, таза, мөлдір һәм кәусар жырларды дүниеге әкеле алады.
Әдебиет – дүниенің дүрмегін қабылдаудың ең көркем жүйесі десек, адам әдебиетті жасаушы. Өз қоғамының айқын бейнесін, дәуірінің бет алысын жүрегімен қабылдап, жанымен жыр жазатын адамды әдебиетте ақын дейді. Сол себептен де «Әр дәуірде болмай ма бір әпенді?!» деп ақындар жырлағандай әр дәуірдің өзіне тән әдебиеті болады. Әдебиет үнемі дамып, жаңаша күйге түсіп отырады. Қазақ әдебиеті тарихының әр дәуіріндегі поэзиясының өзіндік үні болды. Сонау түркі заманынан бастау алатын қазақ поэзиясы өз заманында тақырыптық-идеялық, көркемдік жағынан сүзгіден өткізіліп, жаңартылып, сараланды, толықтырылды. Дәстүрлі поэзия өкілдерінің өнегелі өлең үлгісі кейінгі ақындар поэзиясында көрініс тауып, сонымен қатар жаңа өлең үлгілері туды. Поэзияда дәстүр жалғасып, жаңашыл өріс те кеңінен ашылды. Осылайша қазақ поэзиясы қоржыны толыса берді.
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ