Жаңалықтар
Ұлттық банк төрағасы көшелердегі валюта бағамы көрсетілген тақталар туралы: бұл 90-шы жылдардағы анахронизм

Фото: pixabay
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов көшелердегі валюта бағамдарын көрсететін тақтайшаларды алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды qandastar.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Ол көшелер мен жолдарда шетел валюталарының бағамдары көрсетілетін айырбастау пункттерін 90-жылдардың анахронизмі деп атады.
«90-жылдары қаржылық жүйе болмаған кезде, үнемдеуге мүмкіндік жоқ еді: депозиттер де болмады. Кез келген жинақ жасау мүмкіндігі – бұл тек доллар сатып алу болатын. Ол кезде бұл тақтайшалар маңызды болатын. Ақша ауыстыру үшін Қытайға немесе басқа жаққа бару керек болды… Қазіргі уақытта мұның қажеті жоқ», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Ол мемлекет, бизнес, қоғамның өзі долларсыздандыру үшін көп нәрсе жасағанын атап өтті.
«Біз депозиттерді долларсыздандыруға қол жеткіздік. Жеті-сегіз жыл бұрын депозиттердің 70%-ы долларда болатын, қазір тек 22%-ы. Біздің барлық маркетплейстеріміз, жарнамаларымыз, баға белгілеріміз – теңгемен… … Ендеше барлық дүкендер көшеге өздерінің баға тақтайшаларын ілсін: сүт – 450, нан – 150, картоп – 300. Өйткені бұл да күнделікті тұтынатын тауарлар, мен де 300 теңгеге картопты қайдан сатып алуға болатынын, қайдан 350 немесе 280 теңгеге сатып алуға болатынын білгім келеді. Бірақ ешкім мұны істемейді. 90-жылдардағы анахронизм тек айырбастау пункттерінің тақталарында сақталып қалды. Қазіргі қоғам мен экономика деңгейіне сәйкес келетін уақыт келді», – деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.
Ол сондай-ақ овалюта бағамы бойынша алыпсатарлық тәуекелдері туралы мәселені түсіндірді.
«Қазір ешкім көлікпен немесе автобуспен жүріп, тақтайшаларды іздемейді. Барлығы банк қосымшаларын, kurs.kz сайттарын ашады. Сондықтан бізге шетел валютасының баға белгілері қажет емес», – деді ол.