Қазақстандық ММА жауынгері Жалғас Жұмағұлов үшінші әйел алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл сөздер қоғамда қызу талқыланып, қазақстандық боксшы Аида Сатыбалдинова тарапынан сынға ұшырады, деп жазады qandastar.kz.
Жұмағұлов жуырда Home of Fight атты танымал YouTube-арнасына берген сұхбатында аудармашы көмегімен өзінің спорттық мансабы мен болашақ жоспарлары туралы айтты. Әңгіме барысында спортшы екі әйелінен жеті баласы бар екенін, бірақ мұнымен шектелгісі келмейтінін жеткізді.
«Бұл енді бастамасы ғана! Жақында үшінші әйел аламын», – деді ол күліп.
Журналист оның бұл сөзді әзіл ретінде айтты ма, әлде шын ниеті ме деп нақтылағанда, Жұмағұлов мұндай ойы бар екенін растады.
Аталған сұхбаттың үзіндісі әлеуметтік желілерде кең таралып, қазақстандық боксшы Аида Сатыбалдинованың наразылығын тудырды. Ол өз көзқарасын Instagram желісіндегі жеке парақшасында жарияланған stories арқылы білдірді.
«Бұл мақтанудың мәнін түсінбедім. Екі әйелің, жеті балаң бар екен – өзің біл. Бірақ Қазақстан зайырлы мемлекет, ал бізде көп әйел алуға заңмен тыйым салынғанын ұмытпаған жөн», – деп жазды спортшы.
Айта кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес, көп әйел алу заңмен тыйым салынған.
