Жаңалықтар

Жанарбек Әшімжан: Алатау қаласы құрылғанына 1,5 жыл өтсе де, жобалық-сметалық құжат дайын емес

Фото: ашық дереккөз

Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Жанарбек Әшімжан Алатау қаласына қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, Премьер-Министр Олжас Бектеновке сауал жолдады,  деп хабарлайды qandastar.kz

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Алатау қаласы – стратегиялық маңызы зор жоба.

«Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет», – деп Президент сөзін мысалға келтірді депутат.

Осы тұста Жанарбек Әшімжан қала құрылысы жұмыстарын жеделдету қажеттігін атап өтті.

«Қаланың құрылғанына 1,5 жыл өтсе де, көптеген жобалардың жобалық-сметалық құжаттамалары кешігуде. Оның ішінде, Заречный мен Жетіген елді мекендеріндегі аса зәру мәдениет үйлері, спорт кешені мен ауызсу жүйелеріне қатысты жобаларды тез арада жергілікті әкімдік дайындауы тиіс. Қаланың қажеттілігі үшін қайтарылған жер телімдеріне қатысты шешімін таппаған мәселелер бар», – деді депутат.

aikyn.kz жазғандай, ол Бас жоспарға сәйкес,  Алатау қаласында 168 мектеп, 219 балабақша, 102 медициналық мекеме салынуы керектігін атап өтті. Бұл аймақтағы жоғары демографиялық өсім мен әлеуметтік инфрақұрылым қажеттілігінен туындап отыр.

Депутат Президент өз Жолдауында Alatau City жобасын жүзеге асыру бойынша әлемдік Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан ірі компаниялармен келісімге келгені жөнінде айтқан сөзін еске салып өтті. Сондықтан орталық мемлекеттік органдар тарапынан жобаны іске асыруға институционалдық қолдау көрсетіліп, инвесторлар үшін толыққанды жағдай жасалуы қажет.

«Алатау қаласы Қазақстанның келешектегі заманауи келбетін танытатын, технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдайы жасалған әлемдік деңгейдегі технополис болуы тиіс. Бұл – Президентіміздің іргелі бастамасы», – деді халық қалаулысы.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close