Жаңалықтар

Жетісу облысының Көксу ауылында аутизммен ауыратын бала 3 күннен бері табылмай жатыр

Фото: Видеодан скриншот

Жетісу облысының Көксу ауылында аутизмге шалдыққан ерекше бала жоғалып кетті. Есік алдында ойнап жүрген үш жасар Алдияр көшеге шығып кеткен, содан бері үш күн өтті. Іздестіру жұмыстарына бас-аяғы 400 адам жұмылған. Қазір сүңгуірлер елдімекендегі ағысы қатты өзенді сүзуге кіріскен. Бұл туралы qandastar.kz 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Үш жастан енді асқан Алдияр отбасындағы тоғыз баланың жетіншісі. Мінезі тұйық, ерекше бүлдіршін бауырларына қосылмай, жалғыз жүргенді ұнатады екен. 7 қыркүйекте күндіз бәрі аулада ойнап жүргенде, анасы 15 минутқа ас үйге кіріп кетіпті. Сол аралықта баласынан көз жазып қалған.

“Бүгін – үшінші күн. Не ойларымды да білмеймін. Жүрегім табылады дейді, жүрегім тып-тыныш, табылады деген сеніммен аяққа тұрмыз. Ел-жұрт қарап жатыр. Табылып қалады деген үміттемін”, – дейді Алдиярдың анасы Айнұр Бекжанова.

Ауыл тұрғындары да баланың іздестіру жұмыстарына атсалысып жүр. Бірақ өкініштісі, бала әлі табылмай жатыр.

– Біреулер алып кетті ме деген болжам бар, суға түсіп кетті ме деген болжам бар. Үйдің маңайында шұңқырда жатыр ма деп іздедік, сомен таба алмай жатырмыз. Бұрын ауылымыздан ештеңе жоғалып көрген жоқ. Малымыз да жоғалып көрген жоқ, тыныш ауыл болатын, – дейді Көксу ауылының тұрғындары Мейраш Шамшарова.

Жедел іздестіру тобы, ауыл халқы мен еріктілер табандарынан таусылып үш күннен бері әр үйдің ауласын, қора-қопсысын түгел қарап шыққан. Үйдің іргесінде ағыны қатты өзен бар. Сенбі күні баланы сол маңнан көргендер де болған екен. Сондықтан Мұқаншы су айдынын сүзіп шығу үшін сүңгуірлер шақыртылған екен.

Құзырлы орган өкілдері тәулік бойы тыным таппай, Алдиярды әлі де іздейміз деп отыр. Ал бала үйден шығып кеткенде үстіне сұр жемпір, қара шалбар киген. Аяқ киімі ақ түсті. Полиция кішкентай бүлдіршінді көрген-білгендер болса, 102 нөміріне хабарласуды сұрайды.

– Іздестіру жұмысына 400-ге жуық адам қатысты. Шұңқырлар бар ма, шатырлар, дәретханалардың тесіктерін бәрін түгелдей үйдің ішін тексеру жұмыстарын жүргіздік. Одан кейін осы ауылдың жан жағындағы жабайы өскен ағаштар, жыңғыл, егістік жерлер соның бәрін іздестіру жұмыстарын жүргіздік. Судың ішінде де іздестіру нәтижелерін жалғастырудамыз, – деді Жетісу облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қайсар Мұхметов.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close