Жаңалықтар

ЖИ арқылы диагноз қою адам өміріне қауіпті ме?

Ақмола облысында бірнеше емханада жасанды интеллект арқылы науқастарға алдын ала диагноз қою жобасы сынақтан өтіп жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz. Дәрігерлер мұндай жүйе жұмысты жеңілдеткенімен, оған толық сену қауіпті екенін айтады.

Терапевт Алинұр Қанатқызының айтуынша, ЖИ – көмекші құрал бола алады, бірақ науқастың жағдайын тек техникаға сеніп анықтау дұрыс емес. «Дәрігер ауруды адамның түрі мен жалпы халін бақылап барып анықтайды. Ал ЖИ мұндай қабілетке ие емес», – дейді ол.

ЛОР-дәрігер Мырзалы Тәшімбетов бұл технологияны медицинада қолдануға әлі ерте екенін айтты. «Кейде тәжірибелі маманның өзі диагнозда қателеседі. Ал жасанды ми тәжірибесіз», – дейді ол.

Хирург Әнуар Төлемісов болса, ЖИ тек қабылдау кестесін реттеу, анализ тапсыру уақытын еске салу секілді көмекші қызметтер атқара алады, бірақ нақты ем жүргізуге қауқарсыз екенін жеткізді.

Дәрігер Балнұр Маймышева «ұрпақ тағдырын жасанды құрылғыға тапсыруға болмайды» деп түйіндеді. Оның сөзінше, әр адамның организмі әртүрлі, сондықтан диагноз тек толық медициналық тексерістен кейін қойылуы керек.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button