Жаңалықтар

«Жұмыс уақытын өзі реттей алады»: Еңбек вице-министрі бірыңғай уақыт белдеуін алып тастаудың қажеті жоқ екенін айтты

Фото: ашық дереккөз
2 тамызда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин Қазақстанның бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петицияны қоғамдық талқылау барысында пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Анафин уақыт өзгерістеріне бейімделу үшін Еңбек кодексінде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін нормалар бар екенін атап өтті. Сөзінше, Еңбек кодексінің 63-бабына сәйкес еңбек тәртібін жұмыс берушінің өзі реттейді.

«Бұл қағидалар жұмыс, демалыс уақытын, еңбек тәртібін қамтамасыз ету шарттарын және еңбек қатынастарын реттейді. Еңбек кодексінің 71-бабының 5-тармағына сәйкес, күнделікті жұмыстың ұзақтығы, демалыс, ауысымның басталу және аяқталу уақыты, сондай-ақ уақыт үзілістері еңбек тәртібімен және ұжымдық еңбек келісімімен белгіленеді. Осылайша, жұмыс берушілер мен қызметкерлерде жұмыс уақытын икемді реттеу тетіктері бар», – деді Анафин.

Ол қазіргі нормалар қазірдің өзінде уақыт белдеулерін өзгертпей-ақ басқа уақытқа бейімделуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Еске салайық, 1 наурызда Қазақстанның барлық аймағы бір уақыт белдеуіне ауысты. Алайда бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейін қазақстандықтар жарыққа көп шығындалатын болды. Наурызда ел тұрғындары ақпан айымен салыстырғанда электр энергиясын 364 млн кВт/сағат артық пайдаланған.

Бұған дейін бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция 50 мың қол жинағаны туралы жазған едік. Ал министрлік бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петицияны қанағаттандырмай қойды.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close