Жаңалықтар

«100 мың айлық аламын»: Шымкенттің экс-әкімінің ағасы Марат Әйтенов балаларына 50 мың теңге алимент төлейді

Фото: ашық дереккөз
Отбасын күштеп үйден қуып шыққан Марат Әйтенов бұрынғы жұбайы Дана Әтешованың көп сөзін жалған деп, мүлік үшін жанжалдаспайтынын және онымен таласқа түспегенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Barys Media Youtube-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Әйтеновтың сөзінше, бала-шағасын шығарып жіберген үйді 2017 жылы әкесі сатып алған. Онда қарындасы мен әкесі 1 жыл тұрған екен. 2018 жылдың шілдесінен кейін Марат Әйтенов отбасымен бірге әкесімен бірге тұруға келіседі. Бірақ 1 жылдан соң әкесі бөлек кетсе керек.

Сөзінше, әкесі бұл үйді кейін оған сый ретінде табыстап, атына аударып берген. Мұндай үйлер бөліске салынбайды дейді ол.

“Пандемия кезінде Дана екеуміздің арамызда жанжал көбейіп, ажырасу туралы ұсыныс айттым. Ол қазанның 16-ы ажырасу туралы өтініш берді де, желтоқсанда толық екіге кеттік. Мүлік, бала, т.б. бойынша шағымы жоқ екенін айтты”, – деді Әйтенов.

Айтуынша, кейін үйді де, пәтерді де талап етіп, балалардың атына жазуды сұраған.

“Біз бұл үйде тұруға 1 жыл уақыт бердік, кейін оны босату керек еді. Орнына пәтер бердік. “250 квадраттық үйді қарай алмайсың, одан да пәтерде тұр” дедім. Себебі ондай үлкен үйге күтім керек, ал ол еңбекке аса машықтанбаған”, – деді ол.

Сөзінше, ол ажырасқан соң Дана Әтешоваға Land Cruiser көлігін және Астанадағы 4 бөлмелі пәтерді берген. Бірақ ол аздық етті деп отыр.

“Мен оған алғашында “ортақ пәтерімізді сатайық та, ақшаны бөліп алайық деп едім, келіспеді, толық пәтерді бер деді. Дананың күйеуге шыққанға дейін 2012 жылы алған өз пәтері бар. Оны 2022 жылы сатты. Мен берген көлікті 23 миллион теңгеге сатты. Енді үлкен үйді де алғысы келді. Мен мүлік үшін таласпаймын, ол маңызды емес. Сол 4 бөлмелі пәтерге орналассын”, – деді Әйтенов.

Сондай-ақ әйелі меншікті босату шешімін орындамағанын және балаларды жазғы демалыс уақытында 1 ай онымен тұруға бермегенін атап өтті.

Айтуынша, осындай Әтешованың мәлімдемелерінен кейін ол жұмысынан шығып қалған және көп мекемелер онымен жұмыс істегісі келмейді.

“Шу басылсын деп оқуға кеттім. Қайтып келгенімде, ол менен үлкен сома талап етіп, “әйтпесе Интернетте шу шығарамын” деді”, – дейді ол.

Осыған дейін алиментсіз-ақ бала-шағасының барлық шығынын жауып жүргенін айтады. Бірақ кейін бұрынғы әйелі одан алимент талап етіпті.

“3 бала үшін жалақының 50%-ы беріледі. Мен оған балалардың шығыны одан да көп екенін ескерттім. “Таңда: егер алимент төлесем, тек осы 50%-ды төлеймін, ал былай алиментсіз барлық шығынын төлеймін” деп айттым. Қазір 100 мыңның 50 мыңы Дана Әтешоваға кетіп жатыр”, – деді Әйтенов.

Одан бөлек балаларына мектеп құралдарын, киім, балабақша, демалыстарын төлеп беруден қашпайтынын айтады.

Еске салайық, Дана Әтешова 12 шілде күні бұрынғы күйеуі мен оның адамдары тәртіп сақшыларымен өзін үйден күштеп қуып шықпақ болғанын айтты. Әтешова өзінің бұрынғы күйеуі Марат Әйтеновтің үстінен бірнеше рет шағымданған. Ол – Шымкент қаласының бұрынғы әкімінің ағасы. Сондай-ақ Дана Әтешова президенттен көмек сұраған еді.

Бұған дейін Марат Әйтеновтың 5 тәулікке қамауға алынғаны туралы жазған едік.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close