Білім

Қанат Әуесбай: Оқушылар ақпаратты дұрыс түсініп, сұрыптай алуы керек

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты және биыл ғана оқушыларға жол тартқан “Жаһандық құзыреттер” оқулығының авторы Қанат Әуесбаймен тілдескен едік.

–  Қанат мырза, 5-9 сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттер» оқулығы ел мектептерінде қолданысқа енгізілді. Бұл оқулықтың негізгі мақсаты мен мәнін қалай сипаттайсыз?

–  Иә, бұл оқулықты ARMAN-PV баспасы 5-9 сынып оқушыларына арнап дайындады, бірақ жалпы пән 11 сыныпқа дейін оқытылады. Оқулықтың басты мақсаты – қазіргі жаһандану заманында балаларға қажетті дағдыларды үйрету. Жаһандық құзыреттер тек біліммен шектелмейді, ол оқушыларға әлемдік деңгейде ойлай алатын, түрлі мәдениеттермен қарым-қатынас жасауға қабілетті тұлға болып қалыптасуға мүмкіндік береді. Біз тек теорияға емес, практикалық дағдыларға да назар аудардық.

  Жаһандық құзыреттердің ішінде медиа сауаттылықтың орны ерекше екені көрініп тұр. Медиасауаттылықтың қазіргі оқушылар үшін маңызы қандай?

– Медиасауаттылық – бұл бүгінгі қоғамдағы ең маңызды дағдылардың бірі. Оқушыларға шексіз ақпарат легін дұрыс түсіну, сараптау және сұрыптау қажет. Медиасауаттылық оларға ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдап, жалған ақпарат пен шынайы ақпаратты ажыратуға көмектеседі. Қазіргі таңда көптеген жастар интернет пен әлеуметтік желілер арқылы ақпарат алады, бірақ оның мазмұнын түсінбей, тез сеніп қалуы мүмкін. Осы тұрғыда, біздің оқулық оқушыларға ақпаратты дұрыс талдау, оның қайнар көзін тексеру және өз ойларын нақты жеткізуге үйретеді.

–  Қазіргі заманда ақпараттық қауіптердің көбейіп жатқанын байқаймыз. Оқулықтың медиасауаттылық бөлімі осы мәселелерді қалай шешуге бағытталған?

–   Дұрыс айтасыз, қазіргі ақпараттық қауіптер күн сайын артып келеді. Жалған ақпарат, манипуляция, ақпараттық шабуылдар сияқты қауіптер көп. Оқулықта біз ақпаратты талдау, оның құрылымын түсіну, ақпарат көздерін тексеру сияқты сыни ойлау дағдыларын дамытуға ерекше назар аудардық. Бұл оқушыларға ақпараттық ортада қорғана алуға, өз бетінше шешім қабылдауға көмектеседі. Оқулықтағы нақты мысалдар арқылы олар жалған ақпаратты тануды үйренеді. Сонымен қатар, бұл мәселені көптеген дамыған елдердің білім беру жүйесінде ерекше мән беріледі. Мәселен, Финляндияда медиа сауаттылық мектеп бағдарламасына енгізіліп, балаларға ақпараттық қауіпсіздікті үйрету бастауыш сыныптардан бастап оқытылады.

–  Медиасауаттылық болашақ ұрпақтың қалыптасуына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

–  Медиасауаттылық қазіргі таңда болашақтың іргетасын қалайды деп ойлаймын. Ақпараттық қоғамда өмір сүретін жастар үшін ақпаратты дұрыс қабылдап, оны сараптау қабілеті өте маңызды. Бұл дағдылар тек оқушының білім деңгейін көтеріп қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін арттырады. Оқушылар өз әрекеттерінің қоғамға қалай әсер ететінін түсіне отырып, олар саналы түрде шешім қабылдайды. Бұл болашақ маман ретінде олардың кәсіби өмірінде де үлкен маңызға ие болады.

–  Оқулықта жалған ақпаратты анықтау және оның ықпалынан сақтану жолдары қалай түсіндірілген?

–  Оқулықта жалған ақпаратты анықтау бойынша нақты әдістемелер ұсынылады. Біз оқушыларға ақпаратты қалай дұрыс тексеру керектігін, оның дереккөздерін қалай талдау керектігін үйретеміз. Әртүрлі көзқарастарды салыстыру, медианың құрылымын түсіну арқылы олар ақпараттың шынайылығын тексеруді үйренеді. Бұл дағдылар оқушылардың күнделікті өмірінде үлкен пайда әкеледі, олар жалған ақпараттың құрбаны болмауға тырысады. Осындай тәсілдер көптеген халықаралық мектептерде қолданылады. АҚШ пен Ұлыбритания сияқты елдерде оқушыларға ақпарат көздерін салыстыруға үйрету медиа сауаттылықтың басты міндеттерінің бірі болып табылады.

–  Медиасауаттылық тек ақпаратты дұрыс қабылдаумен ғана шектелмей, жеке жауапкершілікке де қатысты. Бұл туралы не айтасыз?

–  Иә, медиасауаттылық жауапкершілікпен тығыз байланысты. Әр адам өз таратқан ақпаратына жауапты болуы керек. Оқушыларға ақпаратты талдау ғана емес, оны таратудағы жауапкершілік жайлы да түсіндірдік. Әлеуметтік желілердегі немесе медиадағы әрбір пікір мен ақпараттың әсерін түсіну – медиа сауаттылықтың ажырамас бөлігі. Бұл дағды олардың қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігін арттырады.

Медиасауаттылық дағдылары кез келген мамандықта қажет болады деп сенімді айта аламын. Ақпараттық қоғамда біз қаншалықты медиасауатты болсақ, соншалықты саналы, әділ және өнімді жұмыс істей аламыз. Бұл дағдылар оқушыларға тек жеке өмірінде ғана емес, кәсіби қызметінде де үлкен пайда әкеледі. Жаһандық ақпараттық қоғамда бәсекеге қабілетті болу үшін медиа сауаттылық маңызды құралға айналады.

–        Қанат мырза, «Жаһандық құзыреттер» оқулығындағы медиа сауаттылықтан басқа қандай маңызды тақырыптар қарастырылған?

–        Оқулықта этика мен этикет, азаматтық және патриотизм, қаржылық сауаттылық, қауіпсіздік мәдениеті, экологиялық тәрбие сияқты маңызды тақырыптар қозғалған. Әрбір бөлім өзекті мәселелерді қамтиды және оқушылардың заманауи әлемдегі маңызды дағдыларды игеруіне көмектеседі.

Мысалы, этика мен этикет бөлімінде оқушыларға жауапкершілік, адалдық және қоғаммен қарым-қатынастағы мәдениет мәселелері түсіндіріледі. Бұл бөлімді тәжірибелі маман Айсұлу Асылханқызы Қасымбек, «Сенім» қосымша білім және дамыту орталығының директоры жазды. 40 жылдық тәжірибесі бар, және әлеуметтік ғылымдар магистрі ретінде оқушыларға этикалық нормаларды дұрыс меңгеруге бағытталған мазмұнды ұсынды.

Сондай-ақ, азаматтық пен патриотизм тақырыбы Гүлнар Тоқайқызы Қажиева сияқты жоғары білікті мамандардың арқасында толық қамтылды. Гүлнар Тоқайқызының 46 жылдық педагогикалық тәжірибесі бар, ол Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері. Бұл бөлімде оқушыларға қоғамға деген жауапкершілік, патриоттық сезім және азаматтық құқықтар мен міндеттер түсіндіріледі.

Экологиялық мәдениет бөлімінде табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәселелері қарастырылады. Бұл тақырып қазіргі таңда аса өзекті, себебі оқушыларды экологиялық тұрақтылыққа тәрбиелеу – болашақта қоршаған ортаны қорғауға үлес қосатын саналы азаматтарды қалыптастырудың бір жолы.

Жалпы, оқулықтың барлық бөлімі кешенді түрде заманауи білім беру стандарттарына сай құрастырылған және әрбір тақырыпты өз саласының білікті мамандары әзірлеген. Оқушылар бұл оқулық арқылы тек білім алып қана қоймай, өз болашағына бағытталған маңызды құзыреттерді игереді.

–        Қанат мырза, сұхбатыңызға рахмет! Оқулығыңыздың болашақ ұрпаққа мол пайда әкелетініне сенімдіміз.

–        Рахмет! Білім беруді жаңғырту және жастарды заманауи дағдылармен қаруландыру – басты мақсатымыз.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close