Референдум

2022 жылғы 4 маусымда Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров және ҚР ОРК мүшелері халықаралық байқаушылармен бірнеше кездесулер өткізді

2022 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров және ҚР ОРК мүшелері халықаралық байқаушылармен бірнеше кездесулер өткізді.

Бірқатар шет мемлекеттердің, атап айтқанда Түркия, Өзбекстан, Болгария, Молдова, Түркіменстан, Әзірбайжан, Беларусь, Ресей Федерациясы, Армения, Грузия, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, барлығы 12 елдің орталық сайлау органдарының төрағаларымен және мүшелерімен кездесу өтті.

Сондай-ақ Түркия Республикасының Жоғарғы сайлау кеңесі және Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының өкілдерімен жекелеген кездесулер өткізілді.

Ал халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесулерге ШЫҰ, ТүркПА, ТМД ПАА өкілдері, Беларусь Парламенттік Жиналысының және Ресей Мемлекеттік Думасының депутаттық корпусының байқаушылары қатысты.

Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумды байқауға қатысқалы келген шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың орталық сайлау органдарының өкілдеріне алғысын білдірді.

Сонымен қатар, кездесу барысында Нұрлан Әбдіров халықаралық ұйым өкілдерінің референдумды байқауға қатысуы оның беделін арттыратынын және бұл референдумның жариялылығы мен ашықтығына кепіл болатынын, оның ішінде ШЫҰ – өңірдегі ғана емес, жалпы әлемдегі беделді және қарқынды дамып келе жатқан ұйымдардың бірі болып табылатынын атап өтті.

Ал өз кезегінде, ТМД ПАА мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық үйлестіруші институттардың нақты ұйымдастырушылық және тармақталған жүйесіне ие.

Сондай-ақ, ҚР ОРК Басшысы Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясының өзара іс-қимылды кеңейтуге қызығушылық танытып отырғанын құптайтынын атап өтті.

ҚР Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров пен ҚР ОРК мүшелері 2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумға дайындық пен оны өткізу барысы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

Сондай-ақ, ҚР ОРК мүшелері делегация мүшелерінің үгіт жұмыстарына, оның ішінде комиссиялардың қызметіне, халықаралық байқаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдерінің референдумды байқауға қатысуына қатысты сұрақтарына жауап берді.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың орталық сайлау органдарының өкілдері осы ұйымдастырылып отырған кездесу үшін ҚР ОРК мүшелеріне өз ризашылықтарын білдіріп, республикалық референдум өткізу ісіне табыс тіледі.

Пікір үстеу

Close