2026 жылғы 18 сәуірде Жерде G1 деңгейіндегі магниттік дауыл тіркелді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеме жасап. Мамандардың мәліметінше, геомагниттік тұрақсыздық бірнеше күнге созылып, жалпы әсері бір аптаға дейін жалғасуы мүмкін.
Қазіргі уақытта дауыл әлсіз деңгейде болғанымен, оның ең белсенді кезеңі алдағы 1–2 күнге, яғни демалыс күндеріне сәйкес келеді. Осы уақытта қысқа мерзімді күшеюлер байқалып, деңгейі G2-ге дейін көтерілуі ықтимал. Алайда одан да жоғары деңгейдегі дауыл күтілмейді.
Айта кету керек, бұл сәуір айындағы екінші магниттік құбылыс. Бұған дейін ай басында тіркелген дауыл G3 деңгейіне жуық болып, айтарлықтай күшті болған. Ғалымдардың айтуынша, биыл геомагниттік белсенділік соңғы жылдармен салыстырғанда жоғары деңгейде байқалып отыр.
Кешкі уақытта аспан ашық болған жағдайда полярлық шұғыла көрінуі мүмкін. Әсіресе солтүстік және солтүстік-батыс өңірлерде бұл құбылысты байқау ықтималдығы жоғары, бірақ оның көрінуі геомагниттік белсенділік деңгейіне байланысты болады.
