Ресейлік блогер Карина Фадеева Бали аралында модель Гүлсезім Алтайбекованың өзіне шабуыл жасағанын айтты. Оның сөзінше, оқиға мейрамханалардың бірінде болған. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фадееваның айтуынша, Алтайбекова сол сәтте жігітімен бірге болған және қызғаныштың әсерімен оған шыны бөтелке лақтырған. Салдарынан блогер жарақат алып, дәрігерлер оған тігіс салған. Дәрігерлер маңдайы мен ерінінде жыртылған жарақаттар бар екенін анықтаған. Сонымен қатар Фадеева оң құлағының естуі нашарлағанын айтып отыр.
— Екі сағаттан кейін бардан шығуға шешім қабылдадық. Шығуға бет алған сәтте кенеттен қатты соққы тиіп, есімнен танып, еденге құладым. Маған не ұшып келгенін көрмедім. Бұл мүлде күтпеген жағдай болды. Кейін маған басыма ауыр зат тигенін айтты. Болжам бойынша, ол шыны бөтелке немесе үстел шамы болуы мүмкін. Мен құлап, есімді жоғалттым, — деді Карина Фадеева.
Оның айтуынша, кейінірек күдікті оған кешірім сұрап келгенімен, материалдық және моральдық шығынды өтеуден бас тартқан.



