Бруклин Бекхэм ата-анасы — Дэвид және Виктория Бекхэммен арадағы қарым-қатынасының суығанын растап, оларды «шамадан тыс бақылаушы» деп айыптады. Ол бұл туралы Instagram желісіндегі Stories бөлімінде мәлімдеді, деп жазады Qandastar.kz порталы Instagram желісіндегі Еntertainmenttonight парақшасына сілтеме жасап.
«Мен отбасыммен қайта татуласқым келмейді. Мені ешкім бақылап отырған жоқ, мен өмірімде алғаш рет өзімді қорғап тұрмын», — деп жазды Бруклин.
Оның айтуынша, ата-анасы өзі туралы баспасөз беттерінде жалған ақпарат таратып, жұбайы Никола Пельтцпен арадағы қарым-қатынасына нұқсан келтіруге тырысқан. Сондай-ақ Бруклин анасы Виктория Бекхэмнің олардың үйлену тойында өзін «өте орынсыз ұстағанын» атап өтті.
«Жұбайым мені басқарады деген пікір шындыққа мүлде жанаспайды. Керісінше, мен өмірімнің басым бөлігінде ата-анамның бақылауында болдым», — деді ол.
Бұған дейін Entertainment Tonight басылымы дереккөзі Бруклиннің өткен жылы ата-анасына хат жолдап, барлық қарым-қатынасты заңгерлер арқылы жүргізуді сұрағанын хабарлаған. Бұл қадам жанжалды көпшілікке шығармай, жеке түрде шешуге бағытталған әрекет болған.
Ал басқа дереккөздің айтуынша, Дэвид пен Виктория Бекхэм ұлы мен келінімен бірнеше рет кездесіп, мәселелерді ашық талқылауды ұсынып, қарым-қатынасты қалпына келтіруге ниет білдірген.
Бұл мәлімдеме әлеуметтік желі қолданушылары арасында кеңінен талқыланып жатыр.