
Прокуратураның бастамасымен әуе жолаушыларының жеке деректерін түзету тәртібі жеңілдетілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тексеру барысында әуе билеттерін рәсімдеу кезінде тегі, есімі немесе әкесінің атындағы болмашы қателер үшін азаматтарға негізсіз айыппұлдар салынғаны анықталған.
2025 жылы Qazaq Air (қазіргі атауы — Vietjet Qazaqstan) 3 815 жолаушының деректерін түзеткен. Соның басым бөлігі — екі әріпке дейінгі техникалық қателер болған.
Осыған байланысты Астана қаласының авиациялық көлік прокуратурасы әуе компаниясы басшылығымен арнайы кездесу өткізді.
Кездесу нәтижесінде 2026 жылдың басынан бастап аты-жөніндегі екі әріпке дейінгі қателерді тегін түзету тәртібі ресми түрде енгізілді.
Бұл шешім жолаушылардың құқықтарын қорғауға, артық шығынды болдырмауға және әуе тасымалы саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.



