Әлем жаңалықтарыӘлеумет және қоғамЖаңалықтар

Тоқаев Қазақстан мен Корея арасында озық технологиялар орталығын құруды ұсынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Кореяның жасанды интеллект, цифрлық технология және агроөнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған бірқатар бастаманы атады. Президент Астанадағы Alem.ai базасында «Орталық Азия – Корея» озық технологиялар орталығын құруды ұсынды.

Қазақстан мен Корея Республикасы жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және агроөнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруды көздейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, дейді Qandastar.kz.

Президенттің айтуынша, Қазақстан жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы серіктестікті дамытуға ерекше мән беріп отыр.

– Елімізде салалық министрлік құрылды, Alem.ai халықаралық орталығы ашылды, екі суперкомпьютер іске қосылды. Цифрландыру және жасанды интеллект жылын жариялау осы саланың дамуына тың серпін берді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда қуаты 1 гигаватт болатын «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру жобасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ елдің кадрлық және ғылыми әлеуеті нығайып келе жатқанын айтты.

Президент Астанадағы Alem.ai базасында «Орталық Азия – Корея» озық технологиялар орталығын құруды ұсынды. Оның пікірінше, бұл бастама технологиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселесі де көтерілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан былтыр рекордтық көлемде, шамамен 27 миллион тонна астық жинаған. Қазір отандық агроөнеркәсіп өнімдері әлемнің 70-тен астам еліне экспортталады. Экспорт көлемі 7 миллиард долларға жеткен.

Мемлекет басшысы Қазақстанның жер ресурстары мен Кореяның ауыл шаруашылығына жоғары технологияларды енгізу тәжірибесін біріктіруді ұсынды. Осы мақсатта тамақ өнеркәсібінде бірлескен кластер құру бастамасын айтты.

Жоспар бойынша кластер өндіріс, өнімді терең өңдеу және дайын өнімді сыртқы нарықтарға экспорттау бағыттарына шоғырлануы мүмкін. Президент мұндай жобалар корей компанияларына Қазақстанда өндіріс орындарын ашып, технология енгізуге және Еуразия нарығына шығуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button