Ақтөбеде Шанхай ықшамауданында 13 жастағы мектеп оқушысына қаңғыбас иттер шабуыл жасады. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.
Оқиға кезінде көшеде жүрген адамдар араша түсіп, жеткіншекті құтқарып қалған. Соның арқасында Темірлан ауыр жарақат алмағанымен, қатты қорқып қалған. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің бақылауында.
Баланың анасы Салтанат Боранқұлованың айтуынша, оқиғадан кейін балада қатты қорқыныш пайда болған. Қазір ол далаға шығудан, ойнаудан және мектепке жалғыз барудан қорқады. Оқиғадан кейін дәрігерлер оған вакцина салған. Емдеу барысында апта сайын төрт рет вакцина алу қажет екен. Вакциналардың әсерінен баланың қызуы көтерілген.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауданда иесіз иттер көп. Олар қоқыс жәшіктерінің маңында жүріп, кейде адамдарға шабуыл жасайды. Тұрғындар балалардың қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтып отыр.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Алмагүл Асанғалиеваның сөзінше, көшелерде иттердің көптігі соншалық, кейде дүкенге барудың өзі қиынға соғады. Иттер адамдардан қорықпайды және көбейіп бара жатыр дейді тұрғындар.
Биыл «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер енгізілген. Соған сәйкес, қаңғыбас иттерді аулау міндеті ветеринария басқармасынан алынып, ауыл шаруашылығы бөліміне берілген.
Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Тоқболатовтың айтуынша, қазіргі уақытта бұл жұмысты жеке кәсіпкер атқарады. Ол сегіз бригада құрып, иттерді арнайы дәрі арқылы ұстап, панажайға жеткізеді. Ауру немесе агрессивті иттер жойылады, ал қалғандарына стерилизация немесе кастрация жасалып, құлақтарына чип қойылады.
Биыл бұл мақсатқа 55 миллион теңге бөлінген. Жыл басынан бері қалада шамамен 1500-ге жуық қаңғыбас ит ауланған.
