Жаңалықтар

АЛИМЕНТ: БОРЫШКЕРДІҢ БЕРЕШЕГІ ₸63 МЛН ЖЕТТІ

 

Алматыда алимент төлеуден жалтарған бір ғана азаматтың берешегі 63 миллион теңгеге жеткен, деп хабарлайды 24KZ. Қазір қалада баланың алдындағы міндетін өтеуден бой тасалап жүргендер бойынша 22 мың іс қаралып жатыр. Бұл туралы бүгін өткен брифингте айтылды.

Борышкерлердің 10%-і тұрақты жұмысының жоқтығын алға тартады. Ондай жағдайда жұмысқа орналастыруға да қол ұшын созамыз, – дейді мамандар. Алайда әжептеуір табыс тауып жүрсе де, алимент төлемейтіндер бар. Жеке сот орындаушылар жақында осындай 200-ден аса азаматты анықтады.

Әділет министрлігімен бірлескен автоматты жүйе борышкерлер туралы барлық ақпаратты алуға мүмкіндік беріп отыр.

Айдын Қайдаров, қалалық жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы: — Бұрын борышкерлерді әкімшілік жауапқа тартқан кезде тек қана айыппұл салынатын, қазіргі уақытта қамауға алу мәселелері қолға алынып жатыр.

Былтырғы жылы 280-нен астам борышкерді әкімшілік жауапқа тарттық бап бойынша. Соның көбі қамауға алынды әкімшілік сотпен. Қазіргі уақытта қылмыстық жауапкершілікке тарту бағытында көптеген жұмыстарды Алматы қаласының прокуратурасымен бірлесіп атқарып жатырмыз. Қазір берешегі 3 айдан асқан 1000 проблемалық іс бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сот орындаушылар борышкерлердің есепшоттарын бұғаттап, мүлкіне тыйым сала алады. Атап айтқанда, олардың автокөліктерін айып тұрағына қойып, ары қарай аукциондар арқылы сатуға рұқсат етілген. Алимент өндіру мәселесі медиативтік келісім шеңберінде де шешіліп жатады, – дейді мамандар. Мәселен, бір борышкер 3 бөлмелі пәтерді алимент бойынша ірі берешекті өтеу үшін берген. Әнуар Жексеков, қалалық Әділет департаменті сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің басшысы: — Әділет департаменті жеке сот орындаушылар палатасымен бірлесе отырып, алимент өндіру бойынша тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр. Биыл алимент өндіруге қатысты 10 борышкердің автокөлігі бағалау және қарыздарын өтеу мақсатында сату үшін алынды.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close