Жаңалықтар
Алматыдағы Сайран көлінен тағы бір адамның мәйіті табылды

48 жастағы тұрғын марқұм мас күйінде тыйым салынған жерде суға түскен, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 25 маусым күні сағат 19:26-да сүңгуірлер 1977 жылы туған ер адамның денесін судан алып шықты. Кеше республикалық жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері жасөспірімнің денесін судан алып шыққан болатын.
Ал, қасындағы тағы бір жасөспірім өз бетімен жағаға жүзіп шыққан.
Көлге күн сайын шамамен 4000-ға жуық адам келеді. Алматы қаласының ТЖД Сайран көлінде шомылуға барлық құрылыс, санитарлық іс-шаралар аяқталғанға дейін және нысан ресми пайдалануға берілгенге дейін қатаң тыйым салынғанын хабарлайды.
– Тыйым салу тәртібі бұзылған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұлдарды қоса алғанда, азаматтарға әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылатын болады. Қала тұрғындары мен қонақтарын судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға, сондай-ақ рұқсат етілмеген жерлерде шомылудан бас тартуға шақырамыз, – деп хабарлады Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі