Жаңалықтар
Алматыға биыл екі жүз жаңа автобус жеткізіледі
Алматыға жыл соңына дейін Қытайдан екі жүз жаңа автобус жеткізіледі. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесті. Қала басшысы мегополистегі қоғамдық көліктің жетіспеушілік мәселесі алдағы уақытта толықтай шешілетінін атап өтті. «Биыл біз Қытайдан 200 автобус аламыз. Қоғамдық көлік жиі жүретін болады. Автобус аралықтарын 10-15 минутқа дейін қысқарту керек. Сонда біз қоғамдық көлік жетіспеушілігін түбегейлі шешеміз», – деді Бақытжан Сағынтаев. Сондай-ақ, Алматы әкімі біліксіз автобус жүргізушілер жайлы пікір білдірді. «Қалада автобус жүргізушілеріне қатысты проблема бар. Тәжірибелі жүргізушілер жоқтың қасы. Жұмысқа кім болса соны алады. Кейбір жүргізушлер сол парктерде түнейді, сосын рөлде қалғып отырады. Бұның барлығы жолдағы қауіпсіздікке қауіп төндіреді», – деді әкім. Сонымен қатар қала басшысы троллейбус парктерін де жаңартатынын айтты.
Дереккөз: inform.kz/