Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар
Белгілі журналист Қытайдың көлігін мініп, жолда қалғанын айтты
Фото: ашық дереккөз
Қуат Әуесбай бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, – деп хабарлайды qandastar.kz.
«Қытай жасап, Қазақстан құрай түскен Jetour деген жүйрікті тақымдағанымызға көп уақыт бола қоймаған. «Атың барда жер таны желіп жүріп» демейтін бе еді. Жаз шықса, еңбек демалысын алып, көптен көрмеген ауыл-елді аралап қайтсақ дегенбіз.
Қытай көліктері туралы пікір ала-құла ғой, әйтсе де сатып аларда ешқайсысына мән бермегеніміз рас. Күнде тау-тас кезіп, зорықтырып мінбейтініміз анық, үй мен жұмыстың арасында қажетімізге жарап тұрса болды емес пе дедік. Әрі көп орындық көліктер класында ең қолжетімдісі осы болды.
Сонымен қойшы, ел ішінде төрт мың шақырымдай жол жүрген соң Jetour-ымыз сыр бере бастады. Салқындатқыш сұйықтықтың деңгейін тексеріңіз деген ескертуден соң, жүрісті баяулатып, автобаннан шығуға ыңғайлана бергенбіз, бірақ қос қапталы қоршау, бір бағыты жөндеуден өтіп жатқан (Балқаш-Қарағанды жолы) автобаннан бірден шыға қою мүмкін емес. Оқыстан тоқтауға болмайды, тар жолда ызғытып келе жатқан көліктермен бірге өзіңе де қауіп төндіресің, – деп жазады журналист.
Әйтсе де журналист жылдамдықты азайтып, оңға қарай ойыса бергенінде қозғалтқыштың сыр бергенін айтады.
«Жанымызды шүберекке түйіп келе жатқанда, қозғалтқыш тұстан шыққан «тарс» еткен қатты дауыстан бала-шағамның тіпті зәресі ұшты. «Әке, мәшине өртеніп жатыр ма?» деген үлкен қызымның жандауысы шықты. Шынында арт жақтан әлде түтін, әлде бу будақтап шығып жатыр, салонның ішін қолқаны қабар өткір иіс алып кетті», – деп жазды ол.
Айта кетсек, тұтынушыға көлік сатып аларда «жолда бұзылса, Allur-көмекке хабарлассаңыз, далада қалдырмайды» деген көрінеді. Алайда, бұл уәж сөз жүзінде ғана қалған.
«Дереу 5070 нөмірін тердім. «Қазақ тілін таңдау үшін 1 санын басыңыз, клуб мүшесі болсаңыз 2 санын басыңыз…» деп ұзақтау кіріспе жасап тұрып алды да, әйтеуір байланысқа шықты. «Қаладан елу шақырым жерге дейін тегін, әрі қарай әр шақырымына пәленбай теңге төлейсіз, көмекті (эвакуатор) төрт жүз шақырым жердегі Қарағандыдан жібереміз, онда да бос көлік табылса» дейді. Allur-көмектен қайран болмады сөйтіп, Балқаштан эвакуатор шақырдық»,- деп қорытындылады журналист.