Жаңалықтар
Comic Con Astana-2025: Жұлдызды хедлайнерлер фестивальдан алған әсерін бөлісті

Фото: ССА
Орталық Азиядағы ең ірі поп-мәдениет фестивалі Comic Con Astana-2025-тің үшінші күні миллиондаған оқырманы бар блогерлермен, танымал косплей шеберлерімен кездесулермен және Голливуд жұлдыздарының Астанада кино түсіру туралы ұсыныстарымен есте қалды, деп жазды qandastar.kz
Фестивальдің басты қонақтары – Голливуд жұлдыздары Эсай Моралес пен Скотт Эдкинс баспасөз конференциясын өткізіп, жанкүйерлерге қолтаңба берді. Ал танымал блогер Qewbite фанаттардың сұрақтарына жауап берді. Тәжірибелі және ерекше әлемге енді ғана қадам басқан косплейшілер халықаралық байқаудың іріктеу кезеңіне қатысты.
«Барыс Арена» мұз сарайының бас сахнасында YouTube жұлдызы Владислав Кащенко, яғни Qewbite көрермендерді тамсандырды.
Қысқа уақытта ол Астана мен Comic Con Astana-2025 фестивалі туралы өз әсерімен бөлісті.
«Астана – бұл кеңістік, бұл таза ауа мен самал жел. Мұнда айналаның бәрі жасыл. Менің туған қалам Таганрогта да ағаш көп, бірақ Астанада бәрі ерекше көрінеді. Аспаны кең, ашық әрі әдемі. Адамдары өте сыпайы әрі қоршаған ортаға құрметпен қарайды. Фестивальдің ұйымдастырылуы жоғары деңгейде, мен басқа қалалардағы Comic Con-да да болдым, бірақ мұндағы атмосфера өте керемет деп айта аламын, – деді Qewbite.
Фестивальдің үшінші күніндегі жарқын сәттердің бірі – екі басты хедлайнердің баспасөз конференциясы болды. Олар БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
- Эсай Моралес – 40 жылдық тәжірибесі бар Голливуд жұлдызы («Озарк», «Титаны», «Миссия невыполнима», «Ла Бамба»).
- Скотт Эдкинс – актер және жекпе-жек өнерінің шебері ( «Неоспоримый» фильмдерінің сериясы, «Джон Уик 4», «Доктор Стрэндж», «Ип Ман 4»).
Эсай Моралес Астанада қандай фильм түсіргісі келетінін де айтып берді.
«Мүмкін, бұл кімнің кім екенін анықтайтын тыңшылық жайлы фильм болар. Мұнда түрлі мәдениеттер, идеялар, Еуропа мен Азиядан келген адамдар тоғысады. Фильм түсіру арқылы бұл қаланы танып, зерттеу өте қызық болар еді. Егер мен осында кино түсірсем, бұл тыңшылық пен романтикалық комедия жанрындағы туынды болар еді», – деді актер.
Скотт Эдкинс Қазақстанда фильмге түсуді қалайтынын жасырмады. Сондай-ақ ол Бәйтеректе тілек тілегенін, ал егер ол орындалса, Астанаға қайта оралып, оны міндетті түрде бөлісуге уәде етті.
«Мен бұл әсем қаланы көрдім. Маған көрікті жерлер мен мұражайларды қамтитын шағын экскурсия ұйымдастырды. Біз мейрамханада болдық. Айтпақшы, мұнда тағамдар өте дәмді. Маған адамдардың жылы қарсы алуы, қонақжайлығы қатты ұнады», – деді Скотт Эдкинс.
Фестивальдің үшінші күнінде жалпы жүлде қоры 15 миллион теңгені құрайтын халықаралық косплей байқауының кезекті іріктеу кезеңі өтті. «Барыс Арена» басты сахнасында танымал кәсіби косплейшілер мен жаңа қатысушылар видеоойындар, комикстер, манга, аниме және танымал фильмдер кейіпкерлерінің образдарын ұсынды.
Осы уақытта фестиваль аясындағы қарама қарсы алаң – «Астана Арена» спорт кешенінде геймерлер, азиялық поп-музыканың жанкүйерлері, манга мен аниме фанаттары арнайы тақырыптық аймақтарда бас қосты. Мұнда стильді фотоаймақтар, ретро-ойындар ұсынылған ойын аймағы, еркін билеуге арналған Just Dance сахнасы, Tekken турниріне арналған алаң және басқа да қызықты орындар қамтылды.
Авторлар аллеясында және жәрмеңке аймағында әртүрлі жанрда жұмыс істейтін 150-ден астам қазақстандық суретші мен қолөнер шебері өз туындыларын ұсынды.
Биыл шара 9-13 шілде аралығында өтіп жатыр және оған 75 000-нан астам қонақ келеді деп күтілуде, оның кемінде 10 000-ы – шетелдік турист.
Comic Con Astana-2025 фестивалі Астана қаласы әкімдігі мен «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының қолдауымен өтуде.