Жаңалықтар

Елдің климаты жел электр станцияларын салуға қолайлы – Алмасадам Сәтқалиев

Қазақстан жаңартылатын энергия көздері секторын дамытуда айтарлықтай әлеуетке ие. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты,

«Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан жаңартылатын энергия көздері секторын дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Елдің кең аумағы жел, күн және гидроэнергетиканы дамытудың, заманауи технологияларды енгізудің және орнықты дамудың жоғары әлеуетіне ие. Республикада таяу уақытта жел генерациясын дамыту бойынша әлемде көшбасшы позицияға ие болудың барлық мүмкіндігі бар», — деді ведомство басшысы Сенатта өткен Парламенттік комиссия отырысында.

Сөзінше, Қазақстаның климаты жел электр станцияларын салуға қолайлы.

«Сараптамалық бағалауларға сәйкес, елдегі жел энергетикасының энергетикалық әлеуеті жылына кемінде 920 млрд кВт/сағ құрайды. Бұл ретте Каспий өңірі, оңтүстік өңір, сондай-ақ елдің оңтүстік-шығысында орналасқан Шелек дәлізі мен Жоңғар қақпасы жел энергиясының ең жоғары әлеуетіне ие», — деп жалғастырды Сәтқалиев.

Бұдан басқа министр күн энергиясының әлеуетіне де тоқталды.

«Елдің оңтүстік аймақтарында бұл жылына шамамен 2200-3000 күн сағаты. Күн генерациясын орналастырудың ең қолайлы аудандарына Арал өңірі мен Қазақстанның оңтүстік облыстары жатады», — деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close