Жаңалықтар

Хронобиология маманы: Күн ерте шығады, түн кеш батады деп табиғи уақыттан бас тарту негізсіз

Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда саусақпен санарлық қайта қарауға ұсынылатын мәселелер бар. Соның бірі – уақыт белдеуі. Биыл 1 наурызда ғана UTC+5 уақыт белдеуіне өткен едік. Енді арада 3 айдан астам кезең өткенде уақытты бұрынғы қалпына келтіру жөнінде петиция жарияланып, қажетті 50 мың қолды жинады. Шешім шығар күн де белгіленіп отыр, – деп хабарлайды qandastar.kz.

Бүгін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәселе тәртіп, заң бойынша шешім табатынын айтты. Оның сөзінше, құр байбаламның соңында жүрмей, нақты талданған ақпараттар негізінде қорытынды шығады және петиция 40 күн ішінде қаралады.

Ал статистикаға назар аударсақ, кейінгі 100 жылдың ішінде Қазақстанның уақыт белдеуі 12 мәрте ауысқан екен. Биылғы өзгеріс Тәуелсіздік жылдарынан бергі алғашқысы. Бірақ алдыңғылардың ешбірі табиғи уақытқа сәйкес келмеген.

Биылғы өзгеріске не түрткі болғанына тоқталсақ. Географиялық тұрғыдан 4 уақыт белдеуінде орналасқанына қарамастан, Қазақстанды бір уақыт белдеуіне көшіру идеясын Алматыдағы Фесенков атындағы Астрофизикалық институт ұсынған. Бұл бастаманы Үкімет қолдай әкетті. Жауапты Сауда және интеграция министрлігі де жаңашылдықтың банк секторына пайдалы екенін, барлық өңірде банк төлемдері бір уақытта болатынын алға тартты. Бірақ бастан-ақ бұл қадамға бірқатар өңірдің тұрғындары, әсіресе шығысқазақстандықтар наразы болған. Себебі жаңа уақытқа көшкен соң бұл аймақта таң жазда сағат 03:15-те атып, күн қыста түскі сағат 15:20-да бататыны айтылып жүрді.

Ал мамандар бұған қатысты не дейді? Мұны да білмекке талпындық. Мәселен, қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрқожаев еліміз үшін ең тиімді уақыт белдеуі UTC+5 екенін, оның табиғи уақытымызға сәйкес келетінін алға тартып отыр.

«Бұл мәселеде қателеспеу үшін уақыт өлшемі аспектілерін білу керек. Біріншісі, күн уақыты. Ол күннің дәл төбеде тұруы түскі сағат 12:00-ге сәйкес келуімен есептеледі. Шығыс Қазақстанның шығыс жағынан бастап Түркістан, Қарағанды, Ақмола облыстарының батыс жағына дейін 67°30 және 82°30 меридианының арасы бір сағаттық белдеуге жатады. Шығыс Қазақстанның Қытайға жақын бөлігі UTC+6 уақыт белдеуіне еніп жатқанымен, дәл осындай жағдай елдің батыс бөлігінде де бар, яғни, оларда UTC+4 белдеуіне енетін жерлер бар. Бірақ біз бір облысты екі түрлі уақыт белдеуіне бөле алмаймыз.

Екіншісі, белдеулік уақыт. Шығысында талтүсі сағат 11:30-ға, батысында 12:30-ға келген уақыт арасын белдеулік уақыт дейміз. Бұл – табиғи жергілікті уақытқа ең жақын өлшем болып саналады. Ал табиғи уақыт дегеніміз жоғарыда айтқандай әр елді мекеннің тура төбесінде күннің тұруы 12:00-ге сәйкес келуі. Біз оны қолдана алмаймыз, онда әр аудан, қала сайын уақытты 15-20 минутқа жылжытып, реттеп отыруымызға тура келеді. 1884 жылдан бастап Гринвич уақыт белдеуін әлем елдері қабылдады. Содан бастап бұл мәселе күн тәртібіне шыққан. 1924-1930 жылдары әр өңір жергілікті уақытты 1 сағат алға жылжытып қолданатын болды. Оны декреттік уақыт атады, шындығында ол үнемі алға жылжыған жазғы уақыт еді. Жазғы уақыт дегеніміз әр маусымда алға 1 сағат жылжытып қолданылып жүрген, қазір Америка, Еуропа елдерінде бар белдеу. Декреттік уақыт дегеніміз қыста да жазғы уақыт белдеуімен өмір сүру», – дейді ол.

Сонымен қатар Б.Нұрхожаев жазда күннің ұзақ, қыста қысқа болатыны  табиғи заңдылық екенін айтады. «Күн ерте шығады, түн кеш батады деген секілді сылтаулар айтып, табиғи уақыт белдеуінен бас тарту жөнді шешім емес. Уақытты реттемеу катастрофалық салдарға соқтырады. Біз керісінше биылдан бастап өз табиғи уақыт белдеуімізге оралдық», – дейді маман.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік. Уақыт белдеуіне келгенде циркадалық ритмдер механизмі дегенде  бар. Ол 2017 жылы ғылым ретінде мойындалған. Ол адам ағзасы өзі өмір сүретін жердегі табиғи уақыт белдеуімен астасып жататынын дәлелдеп отыр. Мұны хронобиолог мамандар да алға тартып келеді…

М.СНАДИН

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close