Жаңалықтар
Ішкі істер министрлігі қомақты қаржы ұрлаған екі қазақстандыққа іздеу жариялады
Фото: ашық дереккөз
Ішкі істер министрлігі қылмыстық топ құрып, «Qarmet» акционерлік қоғамынан аса ірі мөлшерде ұрлық жасады деген күдікпен екі адамның іздестіріліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іздестіріліп жатқан екі азаматтың бірі Абай облысының тумасы – Ахметжанов Мирас Қалымбекұлы. 1987 жылы дүниеге келген азамат бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған.
Екіншісі – Чижевский Андрей Александрович. 1987 жылы туған, Қостанай облысының тумасы. Екеуін де бұлтартпау шарасы бойынша «қамауда ұстау» туралы бұйрық шыққан.
Полиция іздеуде жүрген адамдардың орналасқан жері туралы ақпарат болса, дереу мына нөмірлерге хабарлауды сұрайды:
8-705-177-14-19;
8-702-975-62-48;
8-775-299-79-97;
8-7172-72-20-99.
Сонымен бірге Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы 1 мекенжайы бойынша орналасқан ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментіне хабарласуға болады. Ішкі істер министрлігі анонимділікке кепілдік береді.
Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі ақпанда Qarmet кеншілерін бопсалап, ҚТЖ-ны тонаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтаған еді. Ол кезде Qarmet АҚ-ның жұмыскерлерімен Абай қаласы тұрғындарын бопсалаған қылмыстық топты құрықтаудың екінші кезеңі өткізілгені хабарланды.
Ал бірінші кезең операциясы желтоқсанда жүргізіліп, Qarmet кеншілерін бопсалаған қылмыстық топ мүшелері ұсталған. Оларды тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық жасау және қатысу бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Нәтижесінде жалпы құны 55 миллион теңгеден астам өзге де бопсалау деректері анықталған.
Құрықталған қылмыстық топ қару қолданып, түрлі криминалдық жанжалдарға қатысқан. Сонымен бірге Қарағанды облысының Абай ауданына қарасты теміржол станциясының жүктерін ұрлаған.