Жаңалықтар
«ӨТЕ ҚИЫН КҮНДЕРДІ БАСТАН ӨТКЕРІП ЖАТЫРМЫЗ»
Ресейде Орынбор мен Қорғанда тасқын судың деңгейі қауіпті межеден асты. Мамандар осылай деп дабыл қағып отыр. Құтқарушылар бригадасы тұрғындарды тынымсыз эвакуациялауда.
Ал Орскіде судың деңгейі сәл төмендеген. Орынборда Жайық өзенінің деңгейі 2 сағатта 6 см-ге дейін көтеріліп, 1 метр 60 см-ге жеткен. Бұл қауіпті межеден 130 см-ге жоғары дейді мамандар. Сол себепті олар күні-түні кірпік қақпай судың мөлшерін қатаң қадағалауда. Сергей Салмин, Орынбор қаласының мэрі: – Өте қиын күндерді бастан өткеріп жатырмыз. Өзендегі су деңгейі қауіпті межеге жетті, әлі де су деңгейінің артатын түрі бар. Топан су көппәтерлі тұрғын үйлерге жақындап келеді.
Тасқынды болдырмау үшін төтенше жағдай министрі Александр Куренковтың шешімімен Орынборға су құятын дамбалар жеткізілді. Орынбор қаласында 550 мың халық қоныстанған. Осы кезге дейін құтқарушылар тұрғындардың 20 пайызын қауіпсіз жерге көшіріп үлгерді. Олар бірінші кезекте қарттарға, ана мен балаға жедел көмек көрсетіп жатыр. Тасия, Орынбор қаласының тұрғыны: – Күні кеше су басу қаупі жоқ еді, беймезгіл уақытта топан су үйді жайпап кетті. Қажетті заттарымды жинап жүргенімде, үйден шыға алмай қалдым. Владимир, Орынбор қаласының тұрғыны: – Кеңес үкіметі кезінде 1980, 1986 жылдары осындай жағдай тіркелген еді. Содан су тасқыны болып, Жайық та, Елек те арнасынан асқан. Биылғы тасқын жылдағыдан да қиын болып тұр. Өйткені бұған дейін су деңгейі 10 метрге жеткен емес. Қорғанда да жағдай алаңдатарлық.
Тобылда су деңгейі көтеріліп, 12 елді мекенді басты. 181 тұрғын үй мен 281 жер алқабы су астында қалған. Звериноголовское елді мекенінде судың деңгейі 1 метрге жетті. Тұрғындарды эвакуациялау жалғасып жатыр. 4500 адам уақытша баспанаға қоныстанып үлгерді. Оның 700-і бала. Ал жедел көмек көрсету бригадасында 1800-ге жуық адам қызмет көрсетуде. Орскіде жағдай тұрақталып келеді. Соңғы 12 сағатта су деңгейі 24 см-ге төмендеп, 880 см-ді көрсетті. Су астында қалған үй-жайдың саны 6 жарым мыңнан асты. 2600-ге жуық адам эвакуацияланып, 1300-ден астам кісі уақытша үйлерге жайғасты.