Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Қандастар көші неге саябырсып қалды?

Жасыратыны жоқ, биылдан бас­тап оралмандарды қабылдау квотасы 600-ден астам адамға қысқарғаны көпшілікті ойландырып тастады. Еліміз­дегі қазақтардың санын қайтсек көбейтеміз деп шетте жүрген қан­дастарымызды атамекенге қай­та-қайта шақырып жүргенде Үкі­мет аяқ астынан неге мұндай ше­шім қабылдады? Жалпы, соңғы жыл­дары неліктен елге оралып жат­қан қандастарымыздың қатары азайып, бұл көштің екпіні басылып қалды?

Сонымен биылдан бастап Үкіметтің қаулысымен оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы 1 378 адам болып белгіленді. Бұл 2019 жылға қарағанда 653 адамға аз. Енді осы оралмандарды оңтайлы орналастыру мәселесі де Үкімет қаулысымен бекітілген. Яғни, 2020 жылы квота былайша бөлінді: Павлодар облысы бойынша – 500 адам, Қостанай облысы бойынша – 350, Ақмола облысы бо­йынша – 258, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 150, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 120.

Осы квотаға енген адамдарға «Ең­бек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде субсидия беру түрін­де қолдау көрсетіледі. Нақтырақ айтсақ, көшу үшін – отбасының әрбір мүшесіне 84,2 мың теңгені құрайтын біржолғы төлем, сосын тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін 12 ай ішінде отбасына 36,1 мыңнан 72,2 мың теңгеге дейін көмек көрсетіледі. Жалпы алғанда 1991 жылдан биылғы қаңтарға дейін 313 256 отбасы немесе 1 057 280 қандасымыз атамекенге оралыпты.

Ал былтыр 17,661 этностық қазақ немесе 9993 отбасы тарихи отанына оралса, соның 41 пайызы Қытайдан, 40,1 пайызы Өзбекстаннан келді. Және оралмандардың 38 пайызы – Алматы, 14 пайызы – Маңғыстау облыстарына, 7 пайызы – Шымкент және 6 пайызы Нұр-Сұлтан қалаларына қоныстанған. Олардың 62,7 пайызы еңбекке жарамды жастағы адамдар, 13,6 пайызының жоғары білімі бар.

Қалай айтсақ та, шетелден қоныс аударып жатқан қандастарымызға бөлінетін квотаның жылдан-жылға азайып келе жатқаны рас. Біз мұның себебін осы көші-қон мәселесімен белсене айналысып жүрген ұлтжанды азамат Ауыт Мұқибек және «Отандастар қорының» маманы Болат Заутұлынан сұраған едік.

Оралмандар солтүстікке барғысы келмейді

Ауыт МҰҚИБЕК,  ақын:

– Соңғы жылдары елге оралып жатқан оралмандардың қатары аза­­йып, көші-қон саябырсып қалғаны рас. Өйткені оралмандардың көбісінің солтүстік облыстарға баруға құлқы жоқ. Үкімет көшіп келушілер мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін жеті облысты айқындағаны белгілі. Бұл стратегиялық маңызы бар саясат. Дегенмен де оралмандардың көбісі солтүстікке көшіп барып, квота алады да, көп ұзамай басқа жаққа көшіп кетеді. Сондықтан бұл көші-қонға басқаша көзқараспен қарап, жаңа механизмін жасауды Президент Қ.Тоқаевтың қабылдауында болғанда ұсындым. Енді Үкімет бұл бағытта жұмыс істеп жатқан болуы керек. Жалпы алғанда оралмандардың квотасын азайту дұрыс емес. Иә, оралмандар солтүстікке барғысы келмейді. Сондықтан Үкімет амал жоқ, ол жаққа қоныс аударатын қандастарымызға берілетін үстемеақыны көбейтуі мүм­кін деп ойлаймын. Соңғы үш жылда солтүстік облыстарға шетелден 25 мың қандасымыз көшіп келді. Ал өткен жылы Қазақстаннан 41 мың адам көшіп кеткен. Соның көбісі сол­түс­­­тік­тегі облыстардың тұрғын­да­ры. Сонда үш жылдан бері қаншама мың адам елден кетіп қалды деген сөз. Солардың есебінен шекаралық аймақтар бос қалып жатыр. Ендеше Үкімет бұл іске қатты назар аударып, көші-қонның басқа тиімді тетігін жасауы қажет. Жалпы заң бойынша оралмандар қай өңірге қоныстанамын десе де ешқандай шектеу жоқ. Тұрақтайтын жерін өздері таңдайды. Ал квотамен көшіп келушілерді солтүстікке орналастыру – стратегиялық саясат.

Көшіп келіп жатқандарға берілетін қаржы өте аз.

Болат ЗАУТҰЛЫ,

«Отандастар қоры» КеАҚ Бизнес және жобаларды акселерациялау департаменті Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі:

– Бұл өте күрделі мәселе. Квота қысқаруының басты себебі, шетелден келетін оралмандардың аздығы. Осының салдарынан жыл сайын бар квотаның өзін әрең толтырып жүрміз. Келушілер жоқ. Мысалы, былтыр «Отандастар қоры» демеушілердің қаржы­сымен Моңғолиядан қазақ отба­сы­ларын көшіріп әкелу туралы жоба жасады. Яғни, жоба бойынша 25 отбасыны көшіріп әкелмек бол­ған­быз. Бұл үшін алдын ала «көшіп ке­ле­тін адамдар бар ма?» деген зерттеу жүргіздік. 25 отбасынан ешқандай ақы-пұл алмай Қазақстанға жеткіземіз, одан кейін мемлекет тарапынан бір реттік жәрдемақы, квота қаралады деп айттық. Әрине көшіп келушілер бар­шылық. Бірақ материалдық жағ­дайға байланысты Қазақстанға көшіп келуден қорқады. Сөйтіп 13 отбасының 80 адамын көшіріп әкеліп, тамыз айында Павлодар облысына қоныстандырдық. Көбісі көп балалы отбасылар. Алдын ала жергілікті әкімдік, кәсіпорындармен байланысып, үй, жұмыс мәселесін де шешіп қойдық. Сондағы байқағаным, оралмандарға берілетін бір реттік жәрдемақы және үй жалдап тұруға берілетін қаржы өте аз. Қазір технологияның дамыған заманы. Қандастарымыз шетелде тұрып-ақ Қазақстандағы жағдайды жақсы біліп отыр. Оралмандар «Қазақстанға көшіп барғанда тым болмағанда ауыл­дан үй сатып алуға қаржы берсе екен. Балаларымды шұбыртып жетіп бар­ғанда баспана ала алмай далада қаламын ба?» деп ойлайды. Осы көші-қон мәселесімен 27 жылдан бері айналысып келемін. Елімізге оралмандар 1992-1998 жылдар аралығында өте көп келді. Ол кездегі Қазақстанның жағдайы тіптен қиын еді. Бірақ соған қарамастан елге оралған қандастардың қатары көп болды. Ол кездегі оралмандардың елге деген сағынышы күшті еді. Үй-мүлік, қызметке қарамай, бәрін тас­тап атамекенге көшіп келді ғой. 1997 жылы Халықтық көші-қон туралы заң қабылданды. 2003 жылы көші-қон квотасы пайда болды. Бұл квота бойынша Қазақстанға көшіп келген қандастарымыздың жол шығындарын өтеп береді, сосын бір реттік жәр­дем­ақы, үй сатып алуға қаржы беретін болды. Бұл кезде де көш легі толастаған жоқ. 2011 жылы көші-қон туралы заңымыз тағы өзгерді. Міне, осы кезден бастап көш кідірді. 2016 жылы бұл іс қайтадан қолға алынды. Бірақ квота аз бөліне бастады. Өйткені бая­ғы­дай келушілер болмады. Көші-қон мәселесіндегі бесжылдық үзілістен кейін адамдардың психологиясы өзгеріп кетті. Енді нарықтың шарықтаған ке­зін­де беріп жатқан қаражат мардымсыз. Бүгінде оралманның әрқайсысына жол шығыны деп 35 АЕК көлемінде бір реттік жәрдемақы беріледі, бұл – 92 785 теңге. Ал бір жылға дейін үй жалдап тұруы үшін 660 мыңдай теңге беріледі. Бұл ақшаның біраз бөлігі құжаттар ресімдеу үшін нотариустерге жұмсалады. Оның үстіне ауылға көшіп келгендер құжат да­йындау үшін қалаға шапқылайды. Бұл да біраз шығын. Қысқасы, осындай қиындықтардан кейін көшіп келушілер қатары азайды. Әйтпесе Қазақстанда жап-жақсы бағдарламалар көп қой. Көшіп келген қандастарымыздың балаларын жоғары оқу орындарында оқытып жатырмыз, жазғы демалыс орындарына жібереміз, Назарбаев зияткерлік мектебінде тә­жіри­бе алмасады. Одан басқа да қан­ша­ма жарыс, фестивальға қа­ты­суда. Былтырдан бері «Отандастар қорында» арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Әлі бекітілген жоқ. Бұл жердегі мәселе – оралмандарды ынталандыру. Мысалы, дәл қазір оралмандарға үй сатып алу үшін 4 млн теңге беретін болса, келушілер қатары көбейер еді. Бұдан басқа да проблемалар бар. Шетелде мұғалім немесе басқа мамандық бо­йынша жұмыс істеп, біраз тәжірибе, еңбек өтілін жинаған мамандар елге оралған соң төменгі категориямен жұмыс істеп, жас мамандармен бірдей жалақы алады. Біліктілігін дәлелдеу үшін көп уақыт кетеді. Бұрын елге келген оралмандар 47 түрлі құжат тол­ты­ра­тын. Қазір 17 құжат толтырады. Бұл жағы дұрыс шешілді. Енді «Бір терезе» жүйесі енетін болса, оралмандарға төрт айда Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға мүм­кіндік туар еді. Бұрын оралмандар мә­селесінде зейнетақы үлкен проб­ле­ма болатын. Ол былтыр шешімін тапты. Яғни, мемлекет тарапынан орал­­мандарға қамқорлық азайып жат­­қан жоқ. Байқағаным, ше­тел­дегі қандастарымыз көбінесе ба­ла­ла­рын, жастарын осы жаққа жіберіп, өзде­рі екі жақта тұра бергісі келе­тін сияқты. Өйткені Қазақстанның заң­да­ры олар үшін өте ыңғайлы, жайлы. Жалпы алғанда келген оралмандар үй мен жер алуға, жұмыс табуға сенімді болуы керек. Бұл мақсатта 2016 жылы Нәтижелі жұмыспен қамту және әлеуметтік жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасы әзір­ленді. Енді еліміздің солтүстік облыс­та­рында демография мәселесі қиын­­дау екені белгілі. Солтүстік Қазақ­стан облысында тұрғындарының саны 50-ге де жетпейтін ауылдардың саны жүзден асады. Ал жалпы орал­ман­дардың солтүстікте тұруға деген қызы­ғу­шылықтары бар. Өзбекстан, Моң­ғолиядан келген оралмандар сол­түс­тікке барып жатыр. Былтыр Шығыс Қазақстан облысының еншісінде 650 квота болған. Оған келушілер аз болып, 300-ін әрең жапты. Содан 250-ін Павлодар облысына, 100-ін Ақмола облысына берді. Өзім бір кез­дері Павлодар облысында жұмыс істе­дім. Сол жылдары Павлодарға 12 елден оралмандар көшіп келді. Квотадан да тыс көшіп келіп жатқандар бар. Енді біздің берген ұсынысымыз Үкіметте қаралады деген үміттеміз.

© egemen.kz

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close