Жаңалықтар
Қазақстан билігі қандастарды көшіретін өңірлерді айқындады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша 1 306 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алғаны жөнінде ақпарат таратты, деп хабарлайды qandastar.kz.
Қандастар қай елдерден көшіп келді?
Министрліктің хабарлауынша, жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 129,6 мың этникалық қазақ оралған.
Жыл басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысы 48,9% Қытайдан, 29,6% Өзбекстаннан, 8,3% Моңғолиядан, 4,4% Ресейден, 7,3% Түрікменстаннан және 1,5% басқа елдерден келгенін хабарлайды.
Осы жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 56,2%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,6%-ды және зейнеткерлер 10,2%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15%-ы жоғары білімді, 20,2%-ы орта кәсіби білімді, 54,6%-ы жалпы орта білімді, және 10,2%-ның білімі жоқ.
Қандастар қайда көшірілді?
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанған. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 332 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады: бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде сома беріледі.
Жыл басынан бері 35 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетіліп, тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Солтүстікке көш
Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданған. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілген.
Жалпы 2023 жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылып жатыр. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда этникалық қазақтардан жаңа форматта 6 203 өтініш қабылданды.