Жаңалықтар

Қазақстан тарихта алғаш рет дзюдодан Олимпиада «алтынын» алып тұр

Фото: Сали Сабиров

Қазақстандық Елдос Сметов дзюдо спортынан елімізден шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды.

Қазірге дейін еліміздің дзюдо спортының шеберлері Жазғы Олимпиада ойындарында екі күміс, екі қола медальға қол жеткізген еді. Оның екеуін Елдос жеңіп алды. Ол 2016 жылы Рио де Жанейрода күміс, 2020 жылғы Токиода қола медаль олжалаған болатын.

Ал Асхат Житкеев (100 келі) 2008 жылы күміс, Галбадрахын Отгонцэцэг (48 келі) 2016 жылы қола жүлдегер атанған еді.

Токиода қоланы місе тұтқан Елдос сол олқылықтың орнын толтыратынын, ендігі мақсаты Олимпиада алтыны екенін айтқан еді.

«Шын мәнісінде, мен мансабымды 2016 жылғы Рио Олимпиадасынан кейін аяқтағым келді, бірақ күміс медаль алып қалдым. Маған тек алтын ғана керек. Олимпиаданың алтын медалін алмай өзімнің жарыстағы мансабымды аяқтамаймын деп ант бердім. Бұл қашан болатынын білмеймін. Егер 40 жасқа дейін күресуді жалғастыру керек болса, мен оны істеймін. Олимпиаданың алтын медалінсіз мен жарыс аренасынан кетпеймін», — деген еді Елдос үш жыл бұрын.

Токио Олимпиадасының жолдамасына ол маусым айында қол жеткізген еді. Еліміздің дзюдо құрамасының бапкерлері 60 келі салмақта Мағжан Шамшадин, Нұрқанат Серікбаев және Елдос Сметовтің арасында іріктеу турнирін өткізді. Бұл жолы тәжірибелі балуан ешбір сыр берген жоқ. Қос қарсыласын қапы қалдырып, жолдамаға қол жеткізді.

Париж Олимпиадасында ол сенімді ойын көрсетті. Жалпы Сметов үшін жеребе оңай болған жоқ. Іріктеуде Торнике Чкадуаны (Нидерланд), Дильшот Халматовты (Украина) жеңді. Одан кейін ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Янг Ю Вейді (Тайпей,) жартылай финалда әлем чемпионы, Еуропа чемпионатының 3 дүркін жеңімпазы Франсиско Гарригостан (Испания) қосымша уақытта (golden score) айласын асырды.

Финалда франциялық Лука Мхеидзенің осал тұсын тапты.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close