Әлеумет және қоғамЖаңалықтарҚаржы және төлемдер

Қазақстанда салық берешегін өндіріп алудың жаңа тәртібі күшіне енді

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда салық қарыздарын өндіріп алу ережелері өзгерді. Енді қолданылатын шаралар берешек көлеміне байланысты анықталады, ал ірі қарызы бар азаматтарға шектеу шаралары қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар салық төлеуді кейінге қалдыру және бөліп төлеу мүмкіндігі сақталған.

Қазақстанда салық берешегін өндіріп алудың жаңа тәртібі енгізілді, деп хабарлайды Qandastar.kz.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жаңа Салық кодексіне сәйкес салық қарыздарын өндіріп алу тәртібі өзгерді. Енді салық органдары қолданатын шаралар берешек көлеміне қарай белгіленеді.

Егер салық қарызы 20 АЕК-тен (86 500 теңге) аспаса, азаматқа тек берешекті өтеу туралы хабарлама жіберіледі. Бұл жағдайда басқа мәжбүрлі өндіріп алу шаралары қолданылмайды.

Ал қарыз мөлшері 20-дан 45 АЕК-ке дейін (86 500-194 625 теңге аралығы) болса, салық органдары банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата алады, кассадағы операцияларға шектеу қоя алады және инкассалық өкім шығаруға құқылы.

Берешек 45 АЕК-тен асқан жағдайда мүлікті тәркілеу, сату және қарызды борышкердің дебиторлары арқылы өндіріп алу сияқты шаралар қолданылуы мүмкін.

Сондай-ақ 2026 жылғы 1 шілдеден бастап салық қарызы 27 мың АЕК-тен (116,7 млн теңгеден астам) асып, үш ай бойы өтелмесе, сот шешімімен азаматтың шетелге шығуына уақытша шектеу қойылуы мүмкін.

Заң бойынша адамның жалғыз баспанасын алып қою тек сот шешімі күшіне енген жағдайда ғана жүзеге асырылады.

Жаңа ережелерде салық төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі де қарастырылған. Кейбір жағдайларда бұл мүмкіндік кепіл немесе банк кепілдігінсіз берілуі мүмкін.

Сонымен қатар салық органдарының банк шоттарындағы ақша қозғалысы туралы ақпарат сұратуына қатысты шек төмендетілді. Бұрын бұл талап 5 мың АЕК болған болса, енді 2,5 мың АЕК-ке дейін азайтылды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button