Жаңалықтар

Қазақстандағы банк қауіпсіздігінің деңгейі неге төмен?

Өзінің алданғанын Петропавл қаласының тұрғыны Динара тек бірнеше сағаттан кейін білген. Ақпан айында Динараға Қауіпсіздік қызметінен хабарласып, сіздің атыңыздан екі банктен несие рәсімдеуге өтініш түсті. «Сіз несиені өзіңіз алып жатсыз ба, әлде басқа адамдар ма? Құжаттарыңызды жоғалтқан жоқсыз ба?» деп сұраған алаяқтарға Динара өзі емес екендігін айтады. Сіздің телефоныңызға вирус кірген, сол арқылы алып жатыр. Тез арада тоқтатуымыз керек деп, қобалжып тұрған адамның сеніміне кіреді. Динараға Play Market арқылы Any Desk қосымшасын жүктеуді сұрайды. Бізге сенбесеңіз, біздің басшымызбен сөйлесіңіз деп, белгісіз әйелге телефон ұсынады. Ол да барлық заңдарды, құқықтарды тізіп айтып, Динараны өз құрығына түсіреді.

      «Мен олармен бірнеше сағат сөйлестім. Олар «біз алаяқтарды ұстадық» деп, келген смстерді жойып тастады. Мен қуанып отырсам, әпкем сезіктеніп, қайтадан банкке хабарласуымды сұрады. Банкке хабарлассам, автоответчик менің мойнымда несие барын және келесі төлемді қай күнге дейін төлеу керектігін айтады. Сол кезде ғана мені алаяқтардың алдап соққанын түсіндім. Дереу банктің қауіпсіздік қызметіне хабарласып, менің банк шотымды бұғаттауын сұрадым. Бірақ, олар, жұмыс уақытының аяқталғанын айтып, таңертең хабарласуымды сұрады. Таңертең хабарлассам құпия сөзді сұрады. Несиені рәсімдеген мен емес, құпия сөз де менікі емес дедім. Еш көмектесе алмайтындарын жеткізді. Содан қалада орналасақан банк бөлімшесіне бардым.  Міне, осы күнге дейін ешқандай өзгеріс жоқ. Менің қорғаушыларым істі сотқа берді. Қазір сот процесі жүруде»-дейді Динара.

Динараның айтуынша, банк қызметкерлерінің бұған қатысы болуы мүмкін. Өйткені, анкетада көрсетілген ақпарат шындыққа жанаспайды. Оның жалақысы және тұрмыста деген ақпарат жалған екен. «Сонда «Home Credit Bank» онлайн түрде жалған ақпаратқа сеніп, несие бере-бере ме? Клиенттер туралы ішкі ақпарат қорғалмаған ба? Банктен маған ешкім хабарласпады. Home Credit Bank-тен ешқашан ештеңе алып көрмедім, бірден 5 миллион бере салатындай. Банктің қосымшасына өз телефон номеріммен кіре алмаймын, неге екенін банк қызметкерлері де айта алмайды» — деп сөзін қорытындылады Динара.

Редакцияға Динара өз өтінішімен хабарласқаннан кейін, біз «Home Credit Bank»-тің пиар-менеджеріне ресми хат жолдадық, өзіне де хабарластық. Бірақ, әлі күнге дейін біздің сайтқа банктен ешкім хабарласпады.

Осыған ұқсас жағдай Нұр-Сұлтан қаласында да болған екен. Қала тұрғыны білеместіктен  алаяқтардың құрбаны болған. «Home Credit Bank»-тің менеджері ретінде хабарласып, «онлайн өтініш тастадыңыз ба?» деп сұрайды. Сізге миллион теңгеге рұқсат беріліп тұр дейді. Ешқандай өтініш бермегенін айтқан әйелге, онда осы мәселені шешу үшін, өздерінің Бас менеджерімен сөйлесуін сұрайды. «Сіздің атыңыздан алаяқтар несие алмақшы» деп, Any Desk қосымшасын жүктеп, ешкіммен сөйлеспей тұруын сұраған. Алаяқтар жарты сағаттың ішінде 2 миллион теңгеге несие алып, өздеріне аударып алған. Жәбірленуші полицияға арыз жазған, банкке барған. Бірақ, әлі күнге ешқандай нәтиже жоқ. 80 000 теңге ғана жалақы алатын бұл ананың бұған дейін де басында 3 миллион несиесі болған, соған қарамастан банк жарты сағатта осындай үлкен соманы бере салғанына таң қалуда. Елордада күнін әрең көріп жүрген отбасының тағы несие төлеуге жағдайлары жоқ. Бірақ, олардың бұл қайғысына банк те, қаржы қызметкерлері көмектесе алмай отыр.

    — Банктің клиенттерінің қауіпсіздігі, алаяқтарға қатысты мәселе соңғы 5 жылда қатты өршіп кеткен.  Себебі онлайн банкингтің дамуы, цифрлық жүйенің дамуы, керісінше, алаяқтардың көбеюіне әкеліп соғуда. Банктерде шағым, арыз өте көп. Әр шағым түскен сайын, олар клиенттерге хабар беріп отыру керек.

     Ешқандай сілтемені баспау, жеке куәлік пен банк картасының ақпаратын ешкімге бермеуді көзі қарақты оқырмандар біледі. Бірақ, біздің елімізде қаржылық сауаттылықтың деңгейі үлкен  мәселе болып тұр. Басқа бағдарламаларды жүктеу, ақшаңыз жоқ болса да, сіздің атыңыздан несие рәсімдеулері мүмкін. Банктен хабарласса, бірден күдіктеніп, барлық операцияларды банк бөлімшесіне барып атқарған жөн. Қаржы агенттігіне күніне көп шағым, арыздар келуде. Алаяқтардың психологиялық тұрғысынан жұмыс істеу сапасы күн санап өсуде. Банк қызметкерлері сияқты жұмыс жасайды. Қауіпсіздік қызметтері несие берер кезде, ақша шоттан алар кезде, бірнеше жолмен клиентті тексеру керек: sms банкинг, видео банкинг сияқты 4-5 жолды қатар істеген дұрыс. Сол кезде ғана алаяқтардың саны азаюы мүмкін дейді белгілі журналист, қаржы сарапшысы Айбар Олжаев.  

     Соңғы уақытта өзін банк қызметкері деп таныстыратын алаяқтар көбейіп кетті. Олар сөйлескен кезде жеке басын растау сылтауымен, жеке және карта деректемелерін, СМС-парольдерді айтуды сұрайды. Интернет-банкингті қалай пайдалануды білмейтіндерге алаяқтар AnyDesk қосымшасын жүктеуді ұсынады. Бұдан әрі осы қосымшалардан логин мен парольді алып, қаскүнем құрылғыға қашықтан қол жеткізеді, яғни басқа елдің аумағында бола отырып, алаяқ өз құрбанының ұялы телефонын толық бақылай алады. Атап айтқанда, смс жібере алады, мобильді банкингтерді пайдалана алады және түрлі операцияларды, соның ішінде кредиттерді ресімдеуді және ақша қаражатын одан әрі аударуды жүргізе алады.

 

  • Егер сізге осындай қоңырау түссе, ешқандай жағдайда SMS-кодты бермеңіз! Әңгімені үзіп, банктің колл-орталығының ресми телефондары бойынша ақпаратты нақтылаңыз.
  • Мобильді банкинг қосымшаларына күрделі парольдерді орнатыңыз, оларды жиі өзгертіп тұру керек.
  • Барлық қауіпсіздік шараларын қосу қажет, 3Д — Secure, сіздің телефон нөміріңізге СМС-хабарлама жібермей ешқандай төлем өтпейді. Операцияларды жүргізу үшін осы кодты енгізу арқылы ғана растай отырып, сіз қандай да бір төлем операциясын жүргізе аласыз. Сондықтан мұндай қауіпсіздік әдістерін қосу керек.

 

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close