NEET жастарыЖаңалықтар

Қазақстанның үш облысында жұмысшы мамандықтар арасында ERG Skills жарысы өтуде

Дәстүрге айналған ERG Skills чемпионаты қайта жастардың талаптары мен кәсіби біліктілігін тексереді. Бұл Қазақстан колледждерінің Альянсына енген оқу орындары арасындағы кәсіби шеберлік байқауы. Ол дәнекерлеу технологиясы, слесарлық іс, токарлық іс, өнеркәсіптік автоматика және электр монтаждау бес құзырет бойынша өтіп, жұмысшы мамандықтардың 130-ден астам өкілін жинайды. 

Биылғы жылы кәсіптік шеберлік конкурсына колледждер Альянсы мен ERG құрамына кірген еліміздің үш облысының өкілдері қатысады. Соның ішінде Рудный тау-кен технологиялық колледжі. Осы ынтымақтастықтың арқасында студенттер оқуды өндірістегі жұмыспен үйлестіре алады. Мұндай байқаулар олардың дағдыларын шыңдайды – дейді колледж директоры.

– 2022 жылы ERG жұмысшы мамандықтарды дайындайтын колледждермен Альянс құрған болатын. Алдында 14 оқу орны болса, қазір бұл тізімге еңгендердің саны 20-ға жетті. Қостанай облысынан қатысушылар аз емес. Олар: Жетіқара, Лисаковск, Рудный студенттері мен 23 жасқа толмаған ERG Service пен КБКБ жас мамандары. Біздің колледждің қабырғасында токарлық іс, электр монтаждау бойынша жастар сыналады, – деді Рудный тау-кен технологиялық колледжінің директоры Қайсар Қанешов.

Біздің түсірілім тобы бүгін токарларды көруге асықты. Жалпы 4 қатысушы тіркелген. Оның екеуі жастары небәрі 18-ге енді толған 2 курс студенттері. Шеберлік дода 26-27 маусым аралығында өтпекші. Өндірістік оқыту шебері Юрий Гиззатовтың айтуынша сайыс басталмас бұрын қатысушылар кесу құралын қайрайды, жабдықты баптайды және жұмыс сызбаларын зерделейді.

– Біздің базада алғаш рет осындай жарыс өтуде. Үлгерімі жақсы және жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын екі студент таңдалды. Байқауда үш жұмыс түрін орындауға 2 күн бөлінген. Бұл: футерлеу гайкасы, М42х2 гайкасы және ¾ құбырларының G шпилькасы болады. Студенттер қатты толқыған сияқты, бірақ біз бірінші орынды аламыз деп сенемін. Әрине, бұл салада 5 разряд бар жас мамандарға қарағанда, біздің тәжірибесі аз студенттер сәл баяу орындайды, – дейді жетекші Гиззатов.

ERG Skills қатысушылары соңғы сәтке дейін алдарына қандай тапсырма қоятынын білмеді. Колледж студенттері мен жас қызметкерлер тапсырмадан бөлек, қауіпсіздік техникасын сақтау тиіс. Оны қадағалайтын арнайы ERG сарапшылары шақырылған. Айта кету керек, байқау демеушілерінің басты мақсаттарының бірі – болашақ мамандарды көру. Бүгінгі таңда кәсіпорынға Рудный тау-кен технологиялық колледжінің 80 пайыздан астам түлектері жұмысқа орналасқан. Бұған дәлел, қатысушылардың бірі осы колледждің бұрынғы студенті болып шықты. Кәсіпорында ол бір жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Екінші қатысушы Артем Кочеулов КБКБ құрамына кіретін «Қазақстан алюминийі» АҚ-да 3 жыл қатарынан еңбектенеді.

– Сайыс тыныш өтіп, ешкім кедергі жасамауда. Бірнеше минуттан кейін гайканы аяқтаймын. Барлық үш жұмысты бүгін орындап, ертеңге дейін қалдырмауға ниеттімін. Бұданда қиын элементерді күнделікті жұмыста орындаймыз. Біз де студенттермен құрдаспыз. Жастарға ұмтылуды, дамуды, мансаптық өсуді тілеймін, – дейді тәжірбиелі жас маман.

Шеберхананың бұрышында көк униформа киген жас жігітке жақындадық. Ол футерлеу гайкасын жасап, тесік бұрғылаумен айналысып жатыр.

– Конкурста өзімді сынап көруге бел будым. Бұған дейін кәсіби шеберлікке де қатысқам, бірақ ол жерде 1-2 курстар жарысады. Ал мұнда тәжірибелі қызметкерлермен бетпе-бет кездесу. Байқаудың алдында шамамен 2 апта бойы схемаларды, жабдықтарды, параметрлерді және т.б. зерттедім. Мен күрделі бөлшектен бастап, біртіндеп жеңілге көшуді шештім. Әрине, 1 орын алғым келеді, – деді 2 курс студенті Денис Погофонов өз сөзінде.

ERG Skills Павлодар, Қостанай және Ақтөбе облыстарында өтуде. Байқау қорытындысы бойынша үздік жеңімпаздар Қытай Халық Республикасында шетелдік тағылымдамадан өтеді.

Сәния САҚТАҒАН

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close