Жаңалықтар
Қуандық Бишімбаевты ақтаудың науқаны жүріп жатыр
Кісі өлтіру қылмыс! Кісі өлтіруді ақтау- одан өткен қылмыс!
Бүгін Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты маңызды ақпарат келіп түсті. Адвокаттар қазірдің өзінде іс материалдарымен танысуды аяқтапты. Бұл дегеніңіз жақында Бишімбаев сот алдында жауап береді деген сөз.
Бұл кісі өлімі бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. Біздің өмір сүріп жатқан қоғамымыздағы өте маңызды тақырып – әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі көтерілді. Алматыда митингтер өтіп, отбасында тұрмыстық зорлыққа ұшыраған қаншама әйел өз басынан кешкенін қоғамға жариялады.
Мен кісі өлтірген адамның барынша қатаң жазалануы керек деп есептеймін.
Қазір сот басталар алдында БАҚ пен әлемжеліде Қуандық Бишімбаевты ақтаудың кезекті науқаны басталғалы жатыр. Естеріңізде болса, бұндай жағдай Бишімбаев былтыр ұсталған соң бірден орын алған болатын.
Бірақ ең өкініштісі, кейбіреулер Бишімбаевты жақсы жағынан көрсетуге ғана емес, марқұм Салтанатты жан-жақты жамандап, қаралауға да тырысып жатты. Олар оны қатты мас болды, таблетка ішті деп жазды! Сол ішкен таблеткадан қайтыс болыпты дегендер де болды беті бүлк етпей!
Кезінде ЖОО ректоры болып қисапсыз байлық жинаған әкесі ұлының кісі өлтіргенін қаралап жазды деп бірнеше блогер мен журналистің үстінен арыз да жазды!
Жақында сот. Елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың шкаласындай болған Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты шығарылатын үкім, болашақтағы әйелдер мен балалар мәселесі үшін өте маңызды болмақ!
Оңғар ҚАБДЕН, журналист