Жаңалықтар
Қыркүйектен бастап мобильді аударымдар тексеріле бастайды

Қаржы министрлігі мобильді аударымдар арқылы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысатындарды анықтау мақсатында жаңа бақылау жүйесін енгізбек. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, тиісті бұйрық дайындалып қойған және ол жаңа заң күшіне енген соң 60 күн ішінде қабылданбақ. “Бүгін заң қабылданды. Енді біз нормативтік құжатты рәсімдеп, қыркүйек айынан бастап нақты іске кірісеміз”, – деді ведомство өкілі.
Вице-министр жаңа талаптардың кімдерге қатысты болатынын да нақты түсіндіріп өтті.
“Анасы қызына, әкесі ұлына не туыстары бір-біріне ақша аударса, ешқандай мәселе туындамайды. Тіпті сома 1 миллион, 2 миллион теңге болса да. Ең бастысы – үш шарттың үшеуі қатар орындалуы керек. Біріншісі – бір адамға 100 түрлі тұлға ақша жіберуі тиіс. Екіншіден, бұл аударымдар үш ай қатарынан жалғасуы қажет. Үшіншісі – жалпы сома 1 миллион теңгеден асуы шарт”, – деді Ержан Біржанов.
Мамандардың сөзінше, бұл жүйе бизнеске қатысты заңсыз мобильді операцияларды анықтап, салықтан жалтаруға тосқауыл қоюды көздейді. Ал қарапайым азаматтардың туыстарымен жасайтын жеке аударымдарына ешқандай шектеу қойылмайды.