Жаңалықтар
“Мамасының баласын“ қалай тануға болады? Психолог жауап берді
Фото: ашық дереккөз
Әлеуметтік желіде олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің көпшілік алдына анасымен шыққан видеосы көпшіліктің қызу талқысына түсті. Коуч, психологтар «мамасының баласы» деп баға берді. Осы ретте Massaget.kz тілшісі психоанализ бағытындағы психолог Мейіргүл Бимағамбетовадан қазақ қоғамындағы ер адамдардың анасынан сеперациялануы және «мамасының баласы» деп аталатын жігіттердің белгілері туралы сұраған болатын.
«Уақытылы сеперацияланбаған балада ақаулар болады»
Маманның айтуынша, бала 4 айға дейін анасы екеуін бір адам деп қабылдайды.
«Психоанализдің теоретиктерінің «әжесі» Маргарет Малер алғашқы болып сеперация, бала психоанализін зерттеген. Оның айтуы бойынша, дүниеге келген кезде нәресте мен әлем, нәресте мен ана біртұтас болады. Яғни бала үшін ана – бүкіл әлем ғой. Өйткені анасы баланың жөргегін ауыстырады, тамағын береді, оған күтім жасайды. Бала 4 айға толғаннан кейін сеперация басталады. Сеперация дегенді шамамен 4-5 айларда нәресте түсініп бастайды. «Мені тамақтандыратын обьект мен емес, бөлек адам екен ғой» деген түсінік пайда болады. Оған дейін нәресте автоматты түрде қарным ашса – өз-өзімді тамақтандырамын, дәрет сындырғым келсе – өзім сындырамын деп қабылдайды. 4-5 айларда симбиоз процесі, яғни нәресте өзі бөлек, әлем бөлек екенін түсіну процесі басталады»,- деді ол.
Егер сеперация процесі 4 айдан ерте жүрсе де мәселе туындауы мүмкін.
«Мәселен, бала алғашқы айда анасыз қалса, яғни оны тамақтандыратын, қуат беретін, күтім жасайтын адам болмай қалса, болашақта балада қандай да бір ақаулар болады. Атап айтқанда, шизофрения, паранойя, психопатия, тәуелділік болуы мүмкін. Егер анасы 8-9 айлық баласын өзінен алшақтатпай, алғашқы айдағыдай қарап, әлі күнге дейін оны өбектеп отырса, онда болашақта ересек түрдегі «мамасының баласын» көруіміз мүмкін. Жалпы табиғатта барлық нәрсе орнымен болу керек. Қалыпты жағдайда баласының 4-5 айлығында анасы да одан шамалы алшақтап, 8-9 айлығында жеке шаруасын бітіретіндей жағдайға жету керек. Осылайша, анасы да баласынан аз-аздан, баласы да анасынан аз-аздан алшақтап отыру керек. Бізде осы процестер кейде не тым ерте, не кеш болып жатады. Сол үшін болашақта қандай да бір ақаулар болады», – деді ол.
Баланың сеперацияланбауына негізгі себептер қандай?
Психолог бала мен ананың сеперацияланбауы көбінесе анасына байланысты екенін айтты.
«Анасының үрейі жоғары, жалғыздықты тым көп сезінсе, баласына «жабысып» қалған болады. Анаға бейсаналы түрде баланың оған жабысып, етегіне оралуы, «анадан басқа ешкім жоқ» деген құбылыс керек болып тұрады. Өйткені анасы күйеуінен жылулық, махаббатты көрмесе, оны баласынан алып отырады. Баласы оған тәуелді ғой. Сол тәуелді болғандықтан жібергісі келмейді. Сеперациялану үшін анасы баласын жіберу керек. Мысалы, сеперацияланудың эмоциялық тұрғысы 4-5 айда басталады, 8 айда бала физикалық тұрғыда сеперацияланады. Негізі баланың еңбектеп бастағаны – нағыз сеперацияның басталуы. Еңбектейтін баланың анасында 1-2 сағат болса да артық уақыты пайда болады. Сол артық уақытты ол жұбайына, өзінің жеке шаруаларына бөлетіндей деңгейде болуы керек. Бұл – сеперацияның дұрыс жүріп жатқанының көрінісі.
Декреттік уақыт аналарда 3 жылдан соң бітеді. Алайда әйелдердің көпшілігі 3 жылдан соң да сол баланың жанында отырады. Бұл да баланың сеперациялануына кедергі деп қарастыруға болады. Көптеген аналар өмірін баласына арнайды. Сондай балалар «мамасының баласы» болып жатады», – деді ол.
Маманның айтуынша, әрбір ана өзін түбегейлі балаға арнамай, хоббиімен де айналысу керек.
«Адамның екі қанаты бар. Бір қанаты – отбасы, екіншісі – кәсіби өмірі. Ана барлық өмірін түбегейлі балаға, отбасыға арнамай, қандай да бір хоббиларымен айналысып жүру керек. Сол кезде анасына қарап баласы да дербестігін үйрене бастайды.
Қазақ қоғамында ер адамның анасынан сеперацияланбауының бірден-бір себебі – менталитеттен. Біздің менталитетте әйел күйеуінен бір саты төмен тұрғандықтан бар өмірін отбасына арнайды. Ал ер адам істің, тыстың адамы деп қарайды. Сол үшін де ерлер отбасылық өмірде белсене атсалыспайды. Балалардың басым көпшілігінің үй дегендегі ассоциациясы анасы болады да, соның етегінен әрі аспайды. Нәтижесінде, «анам біз үшін бүкіл өмірін арнады, мен енді соның алдында өмір бойы қарыздармын, өмірімді анама арнауым керек» деп ойлайды. Осылайша, бала да анасының алдында өзін кінәлі сезінеді», – деді психолог..
Сеперацияланбаған ер адамды қалай білуге болады?
Психолог ата-анасынан сеперацияланбаған ер адамның белгілері туралы айтты.
«Жас жігіттер өлдім-күйдім деп тұрса да, болашақ жарына шарт қойып жатады. «Ата-анаммен тұрасың», «анамның айтқанын жасайсың», «әкемнің аяғын жылы сумен жуасың» деген секілді талаптар айтады. Әсіресе мерекелерде қызына 3 тал гүл берсе, анасына бір бума гүл шоғын тарту етеді. Бұл жерде ол анасын бірінші орынға қойып тұр. Жігіттерден «сен үшін бірінші орында кім?» деп ашық сұрауға болады. Сау психика бойынша біз бірінші орынға өзімізді, одан кейінгі орында екінші жартымызды, сосын балаларымызды қою керек. Себебі біз оларға жауапкершілік аламыз. Одан кейін ғана ата-аналарымызды айтамыз. Өйткені ата-ана өзінің өмірін сүрді және олар ересек адамдар. Қазақ қоғамының жас жігіттері ең бірінші орынға әке-шешесін қояды. Бұл – олардың сеперацияланбағанының көрінісі», – деді ол.
Оның айтуынша, психологтың тәжірибесінде мұндай клиенттер көп кездескен.
«Көбінесе қыз-келіншектер «бөлек тұрғым келеді, бірақ күйеуім келіспейді» деген секілді мәселемен маған көп жүгінеді. Бізде Қазақстанда ажырасудың ең көп себебі – үшінші адамның пайда болуы. Үшінші адам – жігіттің анасы, ене араға түскенде статистика бойынша ажырасу болып жатады. Көп жағдайда ата-анамен қарым-қатынас, күйеуінің өз отбасын емес, ата-анасын қорғауы көп кездеседі. Бұл мәселені шешу қиынға соғады. Себебі сеперация тәуелділік мәселесімен ұштасып жатыр. Кейде консультацияға келген жігіттер әйелін бірге түсінуге тырысып жатады. «Өз отбасымды өзім асырайтын деңгейге жетіппін ғой, ал мен отбасымды сатып жүр екенмін» деген түсініктері қалыптасып жатады. Әрі қарай солай сеперацияланып жатады. Кейбір жағдайда жігіттер түсінбейді, «сіздікі қазақи менталитет емес, ата-ананың екінші орынға қою дұрыс емес» деп жатады. Ондай кезде көмектесу өте қиын», – деді ол.