Жаңалықтар

Баласын далаға ақшасыз шығаратын ата-аналарды жазалау басталуы мүмкін

Балаларға мейірімсіз автобус жүргізушілері мен бақылаушыларға да тықыр таянды.

Жол ақысын төлемеген балаларды автобустан түсіріп тастау деректері ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерді жиі шулатып жүр.

24 ақпанда, яғни қақаған қыста №5 маршрутіндегі автобус жүргізушісі жаттығудан жалғыз оралған 13 жасар баланы қала шетінде тастап кеткен.

Приморский кенті тұрғынының шағымдануынша, бала телефонда ойнап отырып, аңдамай, өз аялдамасын жіберіп алыпты. Содан қала сыртындағы ақырғы аялдамасына жеткен автобус жүргізушісі әрі қарай жолаушыларға салон ішінде отыруға болмайтынын алға тартып, жасөскінді әскери бөлімнің ар жағында, жолайрыққа қалдырып, жайына кеткен. Үскірік аязда қатып қалмау үшін автобус ішінде отыра тұрып, онымен кері оралуға рұқсат етуді қиыла сұраған оқушыға оның жүрегі жібімеген.

«Ұлымның қолында ұялы телефонының болғаны жақсы болды, әйтпесе, мұның соңы қалай аяқталатыны белгісіз еді. Оның орнында телефоны жоқ бала немесе бастауыш сынып балдырғандары болса, масқара емес пе? Мен интернеттегі әртүрлі сайттардан іздеп, маршрут диспетчеріне қоңырау соқтым, бірде бір нөмірі жауап бермеді. Әкімдікке хабарлассам, көліктік бақылау бөліміне сілтеді, ондағылар басқа нөмірге хабарласуға кеңес берді. Ол нөмірде де ешкім жауап бермеді. Ақырында такси жалдап, баланы өзіме алып кетуге тура келді», – дейді баланың анасы.

Кейін әкімдік тексеру жүргізіп, айыптыларды жауапкершілікке тартқан.

Мұндай оқиғалар сирек емес, еліміздің әр өңірінде күн сайын дерлік қайталанады. Қоғам назарына тек әлеуметтік желіде жарияланған, дау-жанжалға ұласқан оқиғалар ілігеді.

Былтырғы қыркүйекте қарағандылық әйел баласын №3 автопарктің контролері Қарағандыдағы трассаның бойында тастап кеткеніне шағымданды. Баланың карта бойынша төлемі өтпей қалыпты. Тексеріспен кірген бақылаушы істің мәнісіне терең бойлағысы келмей, «қоян» деп таниды. Бала жыламсырап, кінәсі жоғын түсіндірмек болыпты, тексеруші әйел оны тыңдамай, айғайға басып, әй-шәйға қаратпастан, автобустан қуып шыққан.

Ауыл-аймақта балалардың үлкен бөлігі жергілікті мектептерде орын жетіспегендіктен, ауылдан қалаға, тіпті қаладан қала маңындағы кенттерге қатынап оқиды. Білім ордалары мектеп автобусымен жабдықталмағандықтан шәкірттер маршруттік автобустармен өз бетінше, ақы төлеп сапарлауға мәжбүр.

Қазақстанда заң бойынша мектеп оқушылары автобустарда жолақысын төлеуден босатылған. Алайда бұл жеңілдік тек сол қалада тұрақты тіркелген балаларға ғана беріледі. Оның үстіне қала сыртында жарамайды. Яғни, қалтасынан ақша шығаруға міндетті. Осы кілтипандардың, кемшіліктердің бәрі балалардың автобустардан шығарылып тасталуына себепкер болады.

Мысалы, Қарағандыда аталған №3 автопарктің өкілдері оқиғаға ата-аналардың өзін айыптап, оларға балаларының карталарында үнемі ақша болуын бақылауға кеңес беріпті. Автопарктің ұстанымынша, «контролерлардың міндеті – билетсіздерді әшкерелеп, ақы төлеуін талап ету, оны жасамағандарды автобустан шығару». Заң алдында бәрі тең дегенге келтірген. Қоғамдық қатаң сыннан кейін бұдан былай бақылаушылардың балаларға түсіністікпен қарайтынына уәде етіпті.

«Бақылаушыларымызға: «автобустардан билетсіз оқушыларды жаппай түсіріп тастаңдар!» деген міндет қойған жоқпыз. Олар кәмелетке толмаған жолаушылар арасында жол ақысын төлеудің қажеттілігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен бірге мұндай жағдайды біржақты қарауға болмайды. Ата-аналар да өз балалары үшін жауапкершілік арқалауға тиіс. Егер балаңыз қоғамдық көлікті пайдаланатын болса, онда оның картасын тексеріп отырыңыз және тұрақты түрде толтырыңыз. Бұл тіпті де қиын емес қой!», – деп мәлімдеді қарағандылық №3 автопарктің өкілдері.

Айтқандай, билік – Парламент депутаттары мен құзырлы органдар да енді балаларына жеткілікті көлемде «қалта қаржысын» бермейтін ата-аналарды жазалауға ниетті.

Ақпан айының соңында Мәжіліс депутаттары тиісті заңнамалық түзетулерді – «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» негізгі заң жобасын және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда, концептуалды түрде қабылдады. Бүгінде оны екінші оқылымда құптауға әзірленуде.

Заң жобалары балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлеріне қатысты жазаны қатайтады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуші нормаларды қарастырады. Мұны депутаттар да, сарапшылар да қолдап отыр.

Соның аясында бұл жобаға сәйкес, Қазақстанда жазаның жаңа түрі енгізілмек. Нақтылағанда, кәмелет жасқа толмағандарды қоғамдық көліктен түсіріп тастау үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

Бірақ бірнеше гәп бар. Біріншіден, егер балаға ілескен заңды өкілі, ата-анасы, ересек аға-әпкесі болса, оларды тегіс түсіріп тастауға рұқсат етілмек. Заң жалғыз жүрген жас баланы автобустан қууға ғана тыйым салады.

Екіншіден, мәжілісмендер «құп!» дегенімен, бұл нормалардың өмірде қалай орындалатынын өздері де түсінбейтінін мойындады. Себебі, заң жобасында кімнің жаза тартатыны нақты жазылмапты: автопарк пе, жүргізуші ме, кондуктор ма, әлде баласын ақшасыз жібере салған ата-ана ма? Бұл тұрғыда жауапты органдардың ұстанымы әлден бір-біріне қайшы келе бастағандай.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан құжатты екінші оқылымға дайындау аясында, жұмыс тобында бұл мәселе тағы пысықталуы мүмкін екенін болжады. Ең маңыздысы, автобустарда «эпидемиядай» белең алып бара жатқан жас ұрпаққа мейірімсіздік кеселіне тосқауыл қою.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close