Жаңалықтар

Су кірген баспанамыздың қабырғасы үгітіліп, құлап жатыр – СҚО тұрғыны

Солтүстік Қазақстан облысында тасқынның беті қайтып, қауіпті аумақтан көшірілгендердің алды баспаналарына кіре бастады. Суда бірнеше күн тұрып қалған үйлердің жағдайы мәз емес, қазіргі уақытта техникалық зерттеу жүргізіліп, келген шығын есептеліп жатыр.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 9 тұрғын үй суға кетті. Оның біреуі Дружба елді мекенінде, қалғаны аудан орталығы Новоишимское ауылында.

Тасқыннан зардап шеккендердің бірі – Гүлжаз Құлманова. Елді мекен тұрғыны аудандық мәдениет үйінде көркемдік жетекші, күйеуі Жанболат Батырбаев осы мекемеде әдіскер болып жұмыс істейді. Новоишимское елді мекеніне 2002 жылы Өзбекстанның Навои облысы, Тамдыбұлақ ауданынан көшіп келген екен.

«Екі ұлым бар, екеуі де студент. Бұл үйде елге қоныс аударғаннан бері тұрдық. 1960 жылы саманнан салынған үш бөлмелі үй. 2017 жылы өңірде қатты су тасқыны болғанда да су үйге дейін келгенімен, кірмеп еді.

Су басатынын, заттарыңызды жинаңыз деп алдын ала айтты. Ауылдық әкімдіктің қыз-жігіттері келді, төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары ескертті. Үйдің іргетасы биік, сол себепті үйге кіреді деп ойлаған жоқпыз. Сондықтан дүние-мүліктің жартысы қалды, тұрмыстық техника суға кетті. Алып шыққанымыз – кресло-диван, кішкене көрпе-жастық және киім-кешек, қалғаны бәрі қалды. Малымыз жоқ», — дейді Гүлжаз Құлманова.

Тасқын су ауылға 6 сәуір түнде келіп, бірер сағатта биіктігі 1,5 метрге жеткен.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close