Жаңалықтар
Насыбай мен вейпке тыйым салынғалы антибиотикке сұраныс артты
Фото: ашық дереккөз
Насыбай мен вейпке тыйым салынған елімізде антибиотикке тәуелділік артып тұр. Биыл 6 айда азаматтар 42 тонна антибактериалды препарат сатып алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп, деп хабарлайды qandastar.kz atamekenbusiness_qaz сілтеме жасап.
Елде дерт дендеп, науқастар саны артты ма, әлде дәріханалар заңсыз саудаға көшті ме?
Қазір әр тұрғын үйде кем дегенде 2-3 дүкен мен дәріхана бар. Яғни тамақ пен дәріге сұраныс жоғары. Бас ауырып балтыры сыздағанның бәрі дәріні суша сіміре ме, әйтеуір биыл денсаулыққа пайдасынан бөлек зияны да бар антибиотик ішетіндер саны күрт артқан. Қаңтар мен маусымда ішкі нарықта өткен жылдан 18 тоннаға көп антибактериалды препарат сатылған.
Зейнеткер Гүлнар Сәрсенқызы мемлекеттен беретін дәрісінен бөлек, зейнетақысының 15-20 мыңы дәріге кететінін жасырмады. Оның айтуынша, елде дәрі алуға еш кедергі жоқ. Тіпті, антибиотикті рецептісіз сатып алу да оңай. Яғни биыл саудаланған 42 тонна антибиотиктің ішінде зейнеткердің де үлесі бар.
Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мамандары дәрі саудасының қыза түсуіне осы заңсыздық та сеп болып отыр дейді. Талап бар да, орындау жоқ. Өйткені рұқсатсыз дәрі сатқандар айыппұл арқалап қана қоймай, лицензиясынан да айырылуы тиіс.
– Маусымдық ауру кезінде, яғни вирустық инфекция жоғары болған кезде антибактериалды препаратқа жүгінбеуі тиіс. Себебі, антибиотик вирустық инфекцияны мүлдем емдемейді, – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы төрағасының орынбасары Манар Смағұл.
Ауру алқымнан алғандардың қалтасы да біраз қағылды. Өйткені биыл дәрі-дәрмек бағасы да 18 пайызға артқан. Осылайша, Қазақстанда бар 2800 препараттың 2600-ы қымбаттады. Дәріхана иелері мұны импортқа тәуелділік себеп дейді. Өзге валютада алынған өнімнің бағасы ішкі нарыққа кірген соң өседі. Одан қалды кедендік шығындар мен логистика тағы бар. Себебі препараттың 85 пайызы Ресей, Үндістан, Германия мен Қытай, Түркиядан импортталады.
Дәрігерлер дабыл қағып отыр. Антибиотикті негізсіз іше беруге болмайды. Бактериалар антибиотикке бейімделіп, төзімді штамдар пайда болады. Яғни уақыт өте келе дәрілер сізге мүлдем көмектеспеуі мүмкін. Оған қоса препарат ағзадағы зиянды бактериялармен бірге пайдалысын да жояды.