Жаңалықтар
Олжас Бектенов шахтерлермен бірге 520 метр тереңдікте жер астына түсті

Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысындағы жұмыс сапары кезінде «Саран» шахтасындағы еңбек қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін тексерді. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Осы мақсатта премьер-министр шахтерлермен бірге 520 метр тереңдікке түсіп, кен қазу учаскелерін аралады.
Айта кету керек, Олжас Бектенов шахтерлерге арналған арнайы киім киіп, жарық шамы бар каска тағып, жер астында жұмыс істеу үшін қойылатын барлық талаптарды сақтады.
«Qarmet» АҚ Көмір департаментінің директоры Жақан Мұхамеджанов қызметкерлерді орыны бойынша бақылау жүйесінің халықаралық стандарттар бойынша енгізіліп жатқанын баяндады. Бұл технологиялар шахтерлердің нақты орналасқан жерін нақты уақыт режимінде бақылауға және төтенше жағдай кезінде жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, премьер-министрге жұмыс орнындағы шахтерлермен тікелей бейнебайланыс арнасы да көрсетілді. Шахтаны жаңғырту бағдарламасы жер қазу жабдықтарын жаңарту, желдету жүйелерін жақсарту және жер астындағы жұмыстар кезінде өрт қауіпсіздігін арттыруды қарастырады.
Шахта учаскесінде Олжас Бектенов кеншілермен тілдесіп, жер асты цифрландыруына көшу мәселесін талқылады.
Премьер-министр мұндай жер асты технологиялары өзге де көмір шахталарында енгізілетінін және бұл еңбек қауіпсіздігін арттыруға бағытталатынын атап өтті. Qarmet-тің көмір кәсіпорындарын жаңғыртуға салатын жалпы инвестиция көлемі – шамамен 500 миллион АҚШ доллары