Жаңалықтар
Қазақстанға Қытайдан келетін туристер саны айтарлықтай өскен
Фото: pixabay.com
Биыл Қазақстанға Қытайдан келген туристер саны артқан. Жылдың 10 айында олардың саны 122 мыңнан асқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
EQonaq жүйесінің деректеріне сәйкес, бұл өткен жылмен салыстырғанда 64% артық. Былтыр елге 78 515 қытайлық келген.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, туристер санының айтарлықтай өсуіне 2023 жылғы қарашада Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара визасыз режимнің енгізілуі ықпал еткен. Келісім аясында екі елдің азаматтары бір-бірінің аумағында 30 күнтізбелік күн визасыз бола алады.
“Қытайдан келетін туристік ағынның өсуі біздің елдеріміздің туризм саласындағы тиімді өзара іс-қимылының маңызды көрсеткіші. Визасыз режимді енгізу және авиарейстер санының артуы Қазақстанды қытайлық туристерге қолжетімді әрі тартымды етті. Біз өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру және туристік ағымның қарқынды өсуін қолдау үшін туристік инфрақұрылымды дамыту және сервисті жақсарту бойынша жұмысты жалғастырамыз”, — деп атап өтті Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Қарипбаев.
Биыл туризм жылы аясында елімізді Қытайға танытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қытайдың ірі қалаларында Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін тануды арттыруға бағытталған 30-дан астам ауқымды іс-шаралар өткізілген.