Атырау мұнай өңдеу зауытының маңында тұратын тұрғындар жағдайдың қиындауына байланысты наразылық білдірді. Олар улы иіс пен зауыттан шығатын қатты дыбыстардан шаршағандарын айтып, қауіпсіз жерге көшірілуді талап етуде, деп хабарлайды Qandastar.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Жергілікті халықтың айтуынша, бұрын бұл аумақтағы үйлердің бір бөлігі көшірілгенімен, шамамен 30 шақты үй сол күйі қалған. Сол уақыттан бері тұрғындар түрлі органдарға шағым түсіргенімен, нақты нәтиже болмаған.
Тұрғындар денсаулықтарының нашарлағанын айтып, өндірістің әсерінен түрлі аурулар пайда болғанын алға тартуда. Сонымен қатар, зауыттан шығатын жағымсыз иіс пен қатты дыбыстар күнделікті өмірге кедергі келтіріп отырғанын жеткізді.
Ал зауыт өкілдері мәселе назарда екенін айтып, өткен жылдан бері арнайы зерттеу жүргізілгенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта оның нәтижелері сараптамаға жіберілген.
Мамандардың айтуынша, зерттеу қорытындысы шыққаннан кейін шешім жергілікті атқарушы органдар деңгейінде қабылданады. Егер тұрғындардың өміріне қауіп бар екені дәлелденсе, оларды көшіру мәселесі қарастырылады.
Айта кетейік, бұған дейін де осы аумақтағы үйлерді көшіру үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Ал нақты шешім алдағы екі ай ішінде белгілі болады.



