Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Үш қалада ауа сапасы нашарлайды: синоптиктер ескерту жасады

“Қазгидромет” мәліметінше, 19 сәуірде Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Мамандар зиянды заттардың ауада жиналуына байланысты тұрғындарға сыртта жүруді шектеуге кеңес берді.

Синоптиктер 2026 жылғы 19 сәуірде Қазақстанның бірқатар қалаларында ауа сапасының нашарлайтыны туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Qandastar.kz. “Қазгидромет” дерегіне сүйенсек, Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар қалыптасуы мүмкін.

Мамандардың түсіндіруінше, мұндай жағдайлар желдің болмауы, әлсіз жел, тұман және ауа қабаттарының инверсиясы кезінде пайда болады. Соның салдарынан зиянды заттар ауада таралмай, төменгі қабатта жиналып қалады.

Осыған байланысты тұрғындарға ашық ауада ұзақ уақыт болмауға, әсіресе жол бойы мен өндірістік аймақтар маңында жүруді шектеуге кеңес беріледі. Ал созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары немесе аллергиялық аурулары бар адамдар сыртқа шыққанда дәрі-дәрмектерін бірге алып жүргені жөн.

Айта кетейік, бұған дейін “Қазгидромет” еліміздегі ауа сапасына қатысты наурыз айының қорытындысын жариялаған болатын.

Back to top button