Жаңалықтар

Павлодарда ала қоңыз қаптап кетті

Павлодарда ала қоңыз қаптап кетті. Зиянкестер жасыл желекті отап, бау-бақшаны түгел кеміріп жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы turkystan.kz-ке сілтеме жасап. 

Тұрғындар биыл облыста түрлі жәндіктер көбейіп кеткеніне алаңдаулы. Әсіресе, бау-бақшаларда түрлі қоңыздар тарап, өсімдіктердің сабағымен қоса, тамырын да жеп жатыр. Соның бірі — саяжай иелері бұрын-соңды көрмеген қара ала қоңыздар.

— Мұндай ала қоңыздарды бұрын кездестірмеппіз. Көбіне колорадо қоңызы картобымызға түсетін. Ол өзі баяу жәндік. Ал мынау өте жылдам жүреді, жолындағының бәрін жеп жатыр. Жапырақ жемірі сияқты, тамырланған өсімдіктердің барлығын жайпайды, — деп мұңын шақты Павлодар қаласының тұрғыны Виктория Алексеева.

Қазіргі уақытта облыс орталығындағы саяжай иелеріне қала әкімдігі жәндіктерге қарсы химиялық өңдеу концентратын таратып жатыр. Бір литрі бірнеше саяжай телімін өңдеуге жеткілікті. Алайда тұрғындар препарат мәселесін шешпей отырғанын айтады.

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Арман Шүйкеновтің сөзінше, ала қоңыздар карантинге жатпайды.

— Облыс бойынша мониторинг және зерттеу жұмыстарымен республикалық фитосанитарлық диагностика және болжау әдістемелік орталығының Павлодардағы филиалы айналысады. Зиянкестерді анықтағаннан кейін олар зиянды жәндіктермен күресу бойынша тұрғындарға ұсыныстар береді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы №100 бұйрығына сәйкес, тек шегірткеге қарсы күреске мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінеді. Одан өзге зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын меншік иелері және тауар өндірушілер өз қаражаты есебінен жүргізуі тиіс, — дейді инспекция басшысы.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close